22-11-21 |
740 рет қаралған
70 мың аборт жасауға 6 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған.
70 мың аборт жасауға 6 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған

Соңғы онжылдықта қазақстандық әйелдердің контрацепциямен қамтылуы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте, Қазақстан түсік түсіру деңгейі жоғары елдерге жатады, әрбір алтыншы жүктілік жасанды түрде үзіледі, ал 15-19 жастағы 100 жасөспірім қыздың 3-еуі жүкті болып, олардың 15%  аборт жасайды.

Қазақстандықтардың контрацепция және отбасын жоспарлау қызметтеріне қолжетімділігінің осы және басқа да мәселелері Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. 

ЮНФПА мамандары дөңгелек үстелге қатысушыларға қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығы және олардың отбасын жоспарлау қызметтеріне қолжетімділігі туралы зерттеулердің нәтижелерімен таныстырды. 

Белгілі болғандай, Қазақстан нарығындағы бағасының жоғары болуына байланысты халық заманауи контрацептивтерді қолдануда айтарлықтай шектелген. Айта кету керек, қазіргі заманғы контрацептивтерді пайдалануда Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерімен салыстырғанда қымбат болып отыр.  

Сонымен қатар, контрацепция құралдары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілмеген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетімен қамтылмайды, бұл да халықты контрацепция құралдарымен жеткіліксіз қамту факторларының бірі болып табылады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жасөспірімдердің репродуктивті мінез-құлқының негізгі тенденцияларын талқылады.  Соңғы жылдары 25 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында АИТВ-инфекциясының айтарлықтай өсуі байқалады.  Осының барлығы елімізде қазақстандықтардың заманауи контрацепция және отбасын жоспарлау қызметтеріне қолжетімділігін кеңейту қажет екенін көрсетеді.  

ЮНФПА-ның Қазақстандағы жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі жобалардың үйлестірушісі Гаухар Әбуованың айтуынша, бұл бірқатар маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: қаламаған жүктілік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен түсік түсіру жағдайларын азайтудан бастап бедеулік проблемаларына дейін.

«ЮНФПА жүргізген талдауға сәйкес, біздің елде қайталама бедеулік кең таралған деп анық айта аламыз.  Бедеулік себептерінің арасында басқарылатын факторлар үлкен рөл атқарады.  Яғни, егер біз жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуды жеткілікті түрде жүргізсек, түсіктердің санын азайтып, аборт жасаудың қауіпсіз әдістерін реттесек, сондай-ақ балалық шақтан бастап репродуктивті органдар ауруларының аномалияларын дер кезінде анықтасақ, онда біз бұл көрсеткішке айтарлықтай әсер ете аламыз», – деді Гаухар Әбуова өз сөзінде.

Отбасын жоспарлау және контрацепция қызметтеріне қол жеткізу Денсаулық сақтау жүйесінің бюджет қаражатын үнемдеуге оң әсер етуі мүмкін. Мәселен, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2019 жылдың өзінде 70 мың аборт жасауға 6 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған. Ал, ЮНФПА мәліметі бойынша, осыншама әйелдерді жыл сайын тегін контрацептивтермен қамтамасыз ету мемлекетке 2,4 есе арзан – 2,4 миллиард теңгеге түсер еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.