Күйеуі құмар ойынға ұтқызып жіберген келіншектің әңгімесі

10 Шілде, 201730230


Тасқын екеуміз бір мектепте, бір класта оқыдық, бір партада отырдық. Бір-бірімізге деген махаббатымыз да ерте – 6 кластан басталды.


Дегенмен ерте басталған махаббаттың ерте аяқталуы заңды ма екен деп ойлаймын. Өмірімнің осы кезеңіндегі басымнан кешкен жайттарды «Алаш айнасы» интернет-газетінің «Отбасы – ошақ қасы» айдарына жазғым келді.


Тасқынның мінезі жайдары, ешкімді тосырқамайды, кез келген ортаға бірден сіңісіп араласып кетеді, көпшіл. Ал бір осал тұсы – достарының, тіпті бөтен адамның да көңіліне қарағыш, сонысынан кейде өз пікірі жоқ, қай жақтан жел тұрса, сол жаққа қисая кететін тұрлаусыз жан болып көрініп кетеді.


Балаларымның мінезі оған ұқсамаса екен деп тілейтінмін, себебі ер адамның мінезі нық, өз приципі, өз ұстанымы бар болуы керек қой.


Енем: «Тасқынға сен сияқты пысық қыздың кездескені жақсы болды. Әйтпесе, қайтіп адам болар еді?!» деп қалжыңдап күлетін. Бұл қанша қалжың десе де, астарында шындық жатыр еді.


Біз ауылда бір-екі жыл ғана тұрып, қалаға қарай жылжыдық. Алдымен Тасқын құс фермасына жұмысқа кірді. Азын-аулақ ақша тапса да, көңіліміз тоқ, өміріміз бақытты еді. Фермасы көбіне ақшаның орнына тауармен есептеседі. Балаларға күнде беретініміз тауық еті, тауықтың фаршы, жұмыртқа. Бірақ қанша жалықсақ та, көпсінген емеспіз.


Кіші қайным да біздің қолымызға келіп, қалаға жұмысқа тұрды. Өзі өте ұқыпты, жинақы жүретін жігіт. Үнемшілдігі өз алдына. «Үйленсем, өз қажетіме жаратармын» деп артылған тиын-тебенін менің қолыма жинақтауға беріп отыратын.


Кейін мен де мамандығым бойынша бас бухгалтердің көмекшісі болып жұмысқа кірдім.


Тасқын да жұмысын ауыстырып, ірі компанияға күзетке кірді. Тұрмысымыз да әжептәуір түзеліп қалды. Қашанғы елдің есігінде жүреміз деп қарызданып-қауғаланып екі бөлмелі үй сатып алдық.


Өз баспанаң болғанға не жетсін. Үйің болғаннан кейін енді оның ішін жиһазға толтырғың келеді, заманға сай әрлеп, өзгертіп тұрғың келеді, қойшы, әйтеуір, бітпейтін қажеттілік.


Сөйтіп, қызылды-жасылды дүниеге қызығып жүргенде күйеуімнің мінезі, жүріс-тұрысы бұзыла бастаған секілденді.


Жанында жүретін бұрынғы жолдастары сиреп, жаңа достары пайда болған сияқты. Жұмыстан түнгі күзеттен шыққан соң бірден үйге келуді бірте-бірте сиретті. Бірде жолдастарымен бірге ілесіп кеттім десе, енді бірде өзін ауыстыратын адамның өтінішімен соның орнында қалдым дейді. Әйтеуір бітпейтін сылтауы табыла беретін болды.


Оның үстіне табысы да бұрынғыдай емес, азайып бара ма, қалай? Сыйақы дегенді мүлде алмайтын болды. Сұрап едім «қысқартып тастаған, енді берілмейді» деді. Оған да сендім.


Алғашында маған оның өзге біреуі бар ма екен деген күдікті ой келді. «Жұмыстың арасында кіре кетсем деп келдім» деген сылтаумен арасында оның отыратын ғимаратына да бас сұғып көрдім. Маңайында жүрген қыз-қырқынды көрмедім. Арасында қалта телефонын да байқап қоямын, ешқандай белгі білінбейді.


Бірте-бірте үстіндегі киімдері жоғала бастаған сияқты. Оны алғаш сезген кезім - таза теріден тігілген күртешесі бар еді, соны кейінгі кезде кимейтін болыпты ғой деп іздедім. Ұшты-күйлі жоқ. Өзінен сұрасам «Жұмыстағы жолдас жігітте, кейін қайтарады» дей салды. Сонымен менің көңіліме күдік кіргізетін нәрселер көбейді.


Бір күні үйге сол жұмысында бірге істейтін жігіттің әйелі келді. Өзінмен таныстығым болмаса да, Тасқынның айтуынан білетінмін.


Маған бар шындықтың бетін сол ашты. Екеуміздің де күйеулеріміз құмар ойынға әуестеніп жүр екен. Оларды қазір тоқтатпасақ, кейін кеш болатынын айтты. Осы әңгімеден кейін Тасқынмен ашық сөйлесіп, «Балалар өсіп келеді, ақылға кел. Ойынның түбі жақсылыққа апармайды» деп өзімше ақыл айтқан болдым. Мені тыңдағысы жоқ: «Бір-екі рет барғанға не болыпты? Күнде ойнап жүрген жоқпын ғой. Қорықпа, ештеңе де болмайды» деді жайбарақат. Күштеп ұстайтын бала емес, бақандай бір үйдің отағасы, қоймаса мен не істей аламын?!


Сонымен ойынға берілуі барған сайын үдеді. Қашанғы ақша салады, алдымен киімдерін ұтқызып бітірді. Кейін менің алтын-күміс әшекейлерімді ұрлап әкетіп салып жіберді. Қайнымның жинақтап жүрген азын-аулақ ақшасы да кетті.


«Айдана, сен екі-үш күні біреудің үйіне барып жұмыс істеп келесің бе? Мен солай деп келісіп қойып едім дейді бір күні міңгірлеп. «Не жұмыс?» дедім таңырқап. Сөйтсем, мені де ойынға салып, ұтқызып жіберген екен ғой. Жанындағылар күлкі болсын деп жасады ма, жоқ, әлде расымен солай ма, ол жағын білмедім, бірақ ашу-ызадан өзімді қоярға жер таппадым. Бұның соңы жақсылыққа апармайтынын біліп, ауылдан ата-енемді де шақыртып алғанмын, мүмкін олар басу айтса, тыңдар деген үмітім де бар еді.


Мен енді жанталасып, үйдің құжаттарын өз атыма аударуға тырыстым. Бірақ, үлгермедім, сонымен үй де кетті. Ойынпаздар тым тас жүрек болатынын сол кезде көрдім. «Үйді босатыңдар», - деп келген еңгезердей жігіттер құдды бір робот сияқты. «Әке-көкелеп» жалынғаныңды, аяғына жығылғаныңды елемейді, тіпті құлағы тас керек, көзі көрсоқыр сияқты. Ақ самайлы басымен алдарына жығылған ата-енемді де елең қылмады. Үй ішіндегі заттарды түгел буып-түйіп, сыртқа шығара бастады. Ойыма қайдан сап ете қалғанын білмеймін, полиция шақырдым. Олар «бұл не бассыздық» деп үйге күркірей кіргенімен, артынан әлгілермен тілдескен соң, біз араласпаймыз, деп жайларына кете барды.


Осы ойыны ақыры бізді ажырастырып тынды. Қазір қалада үш баламмен пәтер жалдап тұрамын. Тіршілігімді нөлден қайта бастадым. Әрине, оңай емес. Кейбір құрбыларым «Оны психологқа апарып емдету керек еді» дейді. Ата-енем «Балалар тұрғанда шыдау керек еді. Қояды ғой, қайда барады дейсің» дейді. Менің оған баладай бәйектеп жүретін жағдайым жоқ, бір басын алып жүре алмаған еркек те еркек пе?! Өз қателігін біліп тоқтап, ақылға келмеген қырықтағы азамат менің сүйрегеніммен адам бола ма? Менің де тыныш өмір сүргім келеді. Әйелін ұтқызып жіберген еркекте қандай еркектік намыс бар дейсің?! Сондықтан көпшіліктің мені жазғырған сөзін тыңдағым да келмейді.




Автор: Айдана, Алматы 


alashainasy.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>