Олжас Мысыров: Қарапайым халықтың құқықтық сауатын арттыру керек

12 Шілде, 20176560


Құқықтың мемлекеттің басты шарттарының бірі заңнамалық нормалардың орындалуы. Сондықтан заң төңірегінде сұрақтар қашан да өзекті болмақ. Осы орайда, арнайы arasha.kz оқырмандары үшін құқықтық мәселелерге арналған түрлі материалдар ұсынбақшы. Сайтымыздың алғашқы қонағы – заңгер Олжас Мысыров.

 - Олжас Дәуренұлы, әңгімемізді қарапайым халықтың өз құқығын білу және оны қолдана білу жайында бастасақ. Заңгер ретінде сіздің пікіріңізді білсек деп едік.

- Біздің азаматтар қазіргі уақытта көп жағдайда заң саласы бойынша сауатты болып келеді. Бірақ өзі құқықтарын білмейтін, заң бойынша өзін қорғай алмайтындар да бар. Сондықтан аракідік көптеген мәселелер кездеседі. Бұл көп жағдайда жеке кәсіпкерлермен жұмыс істегенде, олармен еңбек қатынастары, еңбек шарттарын жасасу кезінде кездеседі. Шынын айту керек, олар өз қызметкерлерімен жеке еңбек шарттарын жасауға құлықсыз. Осыдан кейін біздің азаматтар өз құқықтарын қорғай алмай жатады.
Тағы бір мәселені ескере кетпесек болмас. Біздің халық көбінесе бірден арыздарын билікке, түрлі деңгейдегі әкімдерге жазуға тырысады.

Ал, негізгі заңды жолы басқа. Арнайы құқықты қорғайтын органдар бар. Мәселені шешу үшін қарапайым халықтың білімін арттырып, соттың шешімі ғана заңды болып есептелетініне көз жеткіздіруіміз керек. Яғни, құқықтық сауатты арттыру керек.

 - Осы құқық саласында үкіметтік емес ұйымдардың орны қандай? 
Әрине, жұмыс барысында үкіметік емес ұйымдармен көп кездесіп жатамыз. Мен айтайын, үкіметтік емес ұйымдардың елімізге пайдасы азаматтық қоғам құрудағы маңыздылығы өте зор. Олар адам құқығын қорғау, қоршаған ортаның өзекті, гендерлік теңдік мәселелері, әлеуметтік жағдайы төмен топтарды қорғау және көмектесу сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларда жұмыс жасайды.

Жалпы айтатын болсақ, азаматтық қоғам құрудағы азамат пен мемлекет арасында делдал болу, әр жеке тұлғаның мүддесін қорғау, билік пен қоғамның ара-қатынасын қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың өте керек.

 - Қазіргі таңда көпшілігінің құлағында жүрген бұл «Прокуратура туралы» жаңа заң. Бұл туралы аз-кем тоқталып өтсеңіз.

- Алдыменен, мына бір қате түсінік туралы тоқталып өтсем деймін. Біз прокуратураны жазалаушы орган деп түсінеміз. Ал, сотта прокурорды көрсе мемлекет айыптаушы ретінде ғана көреді. Бұл кешегі кеңес уақытынан қалған қате пікір. Ал, олардың негізгі мақсаты бір іске қомқорлық жасау, басқару, қадағалау болып табылады.

Енді заңның өзіне келсек. Оқырмандарға түсінікті болу үшін қысқаша ғана айтайын, жаңа заңда прокуратураның негізгі мақсаттары нақты айқындалды. Яғни, жоғарғы қадағалаудың шегі мен нысаны, қызметтің негізгі бағыттары, мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлердің әрекетіне қадағалау жүргізудің шекаралары белгіленген.

Дегенмен, адам құқығын қорғау, заңдылықты сақтау мен құқық қорғау қызметін үйлестіру прокуратураның басты міндеті болып қала береді. Тағы бір өзгеріс бұл мемлекеттік органдарды тексеруге қатысты. Енді Прокуратура мемлекеттік органдарды екі жағдайда ғана тексереді. Біріншіден, мемлекеттік орган өз құқығын өзі қорғай алмайтын адамдардың немесе көпшіліктің құқығын бұзса, екіншіден адам өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе. Бар тарапқа да өте тиімді емес пе?!

 - Әрине. Енді өзіңіздің қазіргі қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз. 

- Қазір Ұлттық музейге қарасты Халық қазынасы ғылыми-зерттеу институтының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қадағалау» бөлімінде қызмет жасаймын. Яғни тарихи-мәдени мұра болып есептелетін жәдігермен, оларға қатысты түрлі мәселелермен айналысудамыз. Бір ғана мысал келтірейін. Белгілі бір адам өзі тапқан (не қазып алған) белгілі бір мәдени құндылығы бар заттарды «қара базарда» сатуға не өздерінде сақтап қалуға тырысады. Көпшілігі баяғыда өзектілігін жоғалған «тек 25 пайыз мөлшеріндегі сыйақыны ғана алуға болады» деген түсінікте жүр. Бірақ жағдай мүлдем басқа. Мысалға, Азаматтық кодекстің 247-бабын алып қарайтын болсақ, көмбе (яғни, клад) табылған жағдайда жалпы табылған мұраның 50 пайызы көлемінде сыйақы алуға мүмкіндігі бар. Барлығы заңды. Ал, мысалы жер біреудікі, ал тапқан адам екінші адам болса, бұл жердегі сыйақы мөлшер екі адам арасында теңдей бөліседі. Осындай көптеген сұрақтарға жауап беру үшін арнайы әдістемелік құрал дайындалып шығарылды. Болашақта бұл әдістемелік құрал барлық өңірлерге таратылады деген үміттеміз. 

- Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Рүстем Шахымұранұлы
arasha.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>