Зайырлылық талаптары және құқықтық негіздер

07 Сентябрь, 20172310


Қай заманда болмасын қоғамның әл ауқаттылығы бір қатар факторлармен тығыз байланысты. Кез келген мемлекет өркениеттілікке бағытталған даму жолында тарихи, мәдени-әлеуметтік, географиялық, діни, саяси-экономикалық және жаһандық үдерістерді ескере отырып, өзіндік басқару моделін қалыптастыруға ынталануы заңдылық. Дүниеге көзқарастары арқылы адамзаттың даму тарихына орасан ықпал еткен ғұлама ойшылдардың яғни, Платонның «Мемлекет», Аристотельдің «Саясат»,Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары», Конфуцийдің «Әңгімелер мен пайымдар»,Баласағұнның «Құтты білік», Т. Мордың «Утопия», Монтескьенің «Заңдардың рухы туралы»еңбектері бұған дәлел бола алады.

Бұл ойшылдар өз шығармаларында қоғам, парасат пен ізгілік жолын таңдау арқылы ғана игілікке жете алатынын меңзейді.

Қазіргі кезде өркениетті елдер өз заңдарын ерте заманғы «қанға қан, жанға жан» принципіне емес мейірбандық пен ізгілік және зайырлылық жалпы адамзаттық принциптеріне негіздейді.

Қазіргі кезде зайырлылық ұғымына қатысты қоғамда қалыптасқан әркелкі көзқарастар бар, алайда, оның нышандарын, мемлекеттік құрылым, басқару моделі мен құқықтық негіздерден айқын аңғаруға болады.

Қазақстан Ата заңында өзін, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде негіздеген. Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясат тұрғысынан зайырлылық дегеніміз ол:

  • мемлекет пен діни бірлестіктер бірін бірінің істеріне араласпау;
  • мемлекеттік институттар барлық діндерге бейтараптықпен қарау;
  • мемлекеттік немесе жалпыға міндетті діннің болмауы;
  • ғылым мен білімнің діннен тәуелсіздігі;
  • дінге сену не сенбеуде ар-ождан бостандығын сақтау.

Ал құқықтық мемлекет дегеніміз –конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет нысаны. Яғни мемлекет азаматтардың дініне, тіліне, нәсіліне, жынысына,жасына, біліміне, отбасылық статусына қарамастан қоғамның барлық мүшелері мен топтарының конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу.

Қоғам бір орында тұмайтыны белгілі. Саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, танымдық өзгерістермен қатар, ғылыми технологиялық жаңалықтар заңдарды ұдайы заман талабына сай жетілдіріп отыруды талап етеді.

Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған үрдістерден бөлек, радикалдық идеалдарды тарата отырып діни ұстаныммен діни түсініктерде жасанды қайшылықтар туындату арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейтін теріс пиғылдағы топтар пайда болуда. Бұл қалыптасқан жаһандық жағдайларды күрделендіре түсетін факторларда аз емес. Олар қоғамның діни сауатының төмендігінен, толассыз ақпараттардың сараланып, ой елегінен өтіп үлгерместен ғалам тор арқылы жедел тарауынан, құқықтық базаның заман талабына сай келмеуінен туындайтын келеңсіздіктер.

Осы аталғандарды ескере отырып дін саласындағы заңнамаларды толықтыру мен жетілдіру мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне яғни, экстремистік, лаңкестік іс-әрекеттерге қарсы тұрудағы әл-ауқатын арттырары анық.

Жуырда мемлекетіміз Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткені мәлім. Заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттілігі бірінші кезекте,еліміздің азаматтарының өтініш - талаптары түрткі болуда.

Бұл бастамалар діни ұрандарды жамылып әрекет ететін экстремистік идеологияларға қарсы тұруға және деструктивті әрекеттерді тыюға бағытталған, заңнамалық тұғырды нығайтуға септігін тигізеді деп күтілуде. Онда діни білім беру, неке, діни бірлестіктер қызметі, экстремизмге қарсы іс-қимылдар, миссионерлік және басқада салаларды қамтитын заңдарға өзгертулер мен пысықтаулар енгізу көрсетілгендей зайырлы, құқықтық мемлекеттің қағидаттарына қайшы келетін құбылыстарды заңнамалық реттеу межеленген.

Ол ішкі және сыртқы факторларды ескеру отырып Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға негізделген. Қазақстан Республикасының зайырлылық ұстанымына сәйкес азаматтарының жынысына, нәсіліне, этносына, тіліне, әлеуметтік шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан алдына келесі мақсаттарды қояды, яғни:

  • әлемдік және отандық мәдениет пен өнердің маңызды бөлшегі ретінде еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөлу;
  • толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
  • отбасы институтын нығайту;
  • некеге отыру мен неке жасын реттеу;
  • кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау;
  • діни бірлестіктердің, ағымдар мен олардың өкілдерінің конституциялық нормаларды орындауы;
  • діни білім беру жүйесін жетілдіру;
  • діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мақсатында құқықтық негіз қалыптастыру.

Демек зайырлылықтың принциптері барлық адамзатқа ортақ болғанмен, әр мемлекет өзіндік басқару моделін және құқықтық негізін қалыптастыруы үздіксіз дамуының кепілі.

Ғарифолла Есім

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық  университеті

Философия кафедрасының меңгерушісі, академик

Дереккөз: Abai.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>