Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сырын айтамын деп шынын айтты

07 Октябрь, 201710110


Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің пайымдауынша, елдегі инфляцияға кінәлі халық екен. «Тұрғындар мен кәсіпорындардың баға өседі деп күтуі инфляцияға әсер етті», – деп салды алтын басты төраға. Былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда тауар бағасы 7,8 пайызға бір-ақ өсіпті. Бұл шарықтауға, Д.Ақышевтің сөзімен айтқанда, халық кінәлі. Мәселен, жұрт шенеуніктер сияқты «баға өспейді» деп өз өтіріктеріне өздері сеніп беймарал жүре берсе, осыншалықты инфляция, осыншалықты құнсыздану болар ма еді?! Биліктегілердің де арманы орындалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнай қалмас па еді?! Жоқ, төрдегілер үшін халықтың пейілі онша емес екен. ЭКСПО басталып аяқталғанша, «көрме біткен соң баға өседі» дегенді аузынан тастамай қойды. Ал айтқандары айдай келді. Көрме қалай бітті – солай бензин қымбаттады, азық-түлік бағасы ұстатпай кетті. Бұл жағдайда шенді-шенеуніктерге қалай ренжисің? Олар қымбаттау туралы ештеңе айтқан емес. Баға мен бағамның тұрақты болмағына президентке де ұялмай баяндады. Ол кісі де сенді. Сенбей қойғаны – халық қана. Енді айтқаны келіпті. Бұл жағдайда Ұлттық банк төрағасының кінәсі не?

Жалпы, Ақышевтің қаржы нарығындағы келеңсіздіктерге халықты кінәлауы бірінші рет емес. Қыркүйектің басында доллар күрт қымбаттап кеткенде Ұлттық банктің төрағасы «теңге қатты құнсыздануы мүмкін дегенге сеніп, жинағанын көк қағазға жаппай айырбастаған» халықты айыптаған еді. Осы жағдайдың алдында ғана президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болған Д.Ақышев Ұлттық банк инфляция өсіміне жол бермеуге жұмыс істеп жатқанын, жалпы ахуалдың тұрақтылығын, алаңдауға еш негіздің жоқтығын мәлімдеген болатын. 
Бірақ, көрдіңіз бе, Д.Ақышев қаншама қажырлы қызмет атқарғанымен, халық сол еңбегін сор етіп жатқандай. Қадіріңді жұрт білмеген, қайран төраға десеңші. Дегенмен, шындығына келгенде, Ақышевтің жалпақ жұртқа ренжитін де жөні жоқ. Мәселен, 2014 жылы ақпанда доллар бағамы қарапайым тұрғындар үшін аяқасты көтеріліп шыға келгенде Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қайрат Келімбетов бұл жаңалықты түн ортасында естіп, аң-таң болғанын айтпап па еді?! Осыдан кейін халық Ұлттық банктің басына келген басшылардың сөзіне қалай сенсін? Қара табан халықты қойшы, экономикалық білім аз делік. Қаржы мен экономиканың қатпар-қатпар қалтарысын түсінеміз дейтін мамандардың өздері Ұлттық банк төрағасының бір сөзіне сенбейтін болған бұл күнде... Мәселен, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, елдегі тауарлар бағасының қымбаттауына Ұлттық банктің өзі кінәлі. Ол үкімет пен Ақышевтің инфляциямен күресу шараларының жартысы ешқандай пайда бермейді дейді. 
– Нарыққа зерттеу жүргізіп, Қазақстанда тауар бағасының өсуіне негізгі себеп теңгенің құбылмалығына көз жеткіздік. Осы мәселе шешілмесе, билік баға қымбаттауын еш тоқтата алмайды. Ал онымен айналысуы тиіс Ұлттық банктің жүргізіп жатқан ісінен пайда жоқ, – дейді Р.Ошақбаев.
Ұлттық банктің 1996-1998 жылдар аралығындағы төрағасы, бүгінде «Ракурс» атты экономикалық сараптама орталығының директоры Ораз Жандосов «Верный Капитал» компания тобы өткізген Expert Update сарапшылар кеңесінде қазіргі экономикадағы кемшіліктерге тоқталыпты.
«Бұрын мен Ұлттық банкті басқарып тұрғанда бірде-бір мемлекеттік қызметкер, екінші деңгейлі банктің бірде-бір топ-менеджері маған бір сөз айта алмайтын, өтініш айтып қоңырау соғуға қорқатын. Осы тәртіп қазір қайда кетті? Он жылдан бері қаржылық реттеуші мен банк қауымдастығы тонның ішкі бауындай жымдасып алған. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің активтерін дұрыс жоспарламауы, қаржылық реттеуші талабын елемейтін банктерге шара қолдану мәселесінде үнсіз, көздерін жұмып отыр. Ондай амалға барсақ, тұрақтылықты шайқап, тоқтауы қиын іске ұрынамыз дегенмен бейәрекеттерін ақтап алғысы келеді. Мұндай жағдайдың немен бітетінін 2009 жылдың ақпанында көрдік қой, мемлекет үш банкті құтқаруға мәжбүр болды. Ал ол банктер әлі күнге дейін көмекке берілген сол қаржыны толық қайтарған жоқ», – депті Ораз Жандосов. Қаржыгердің ойынша, билік басындағылар осы мәселені қысқа мерзімді іс деп біледі, бірақ ол әлдеқашан ұзақ мерзімді мәселеге айналып кеткен. Мінекей, істің тетігін білетіндер бағаның өсуі мен теңгенің құнсыздануын Ұлттық банктің сауатсыз ісінен көреді. Ал Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев үшін халық қымбатшылықты шақырмай, аузын жауып үндемей отырса бәрі «чики-чики» болып кететін сияқты.

Жасұлан АҚКЕР
Астана
Жас Алаш

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>