Н.Назарбаев: Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді

09 Октябрь, 20171540


Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Жұмыс тобы мүшелері Президентке қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.

Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. - Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақылауымда болды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.

- Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, - дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.

Кездесу барысында жұмыс тобы мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Н.Назарбаев жаңа әліпби қазақ тілін үйренуді жеңілдетінін де атап айтты.

- Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет.  Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Кездесу соңында Н.Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

Дереккөз: inform.kz

 

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>