Таласбек Әсемқұлов. Латын әліпбиі жайында

11 Октябрь, 20175870


... 1914 жылы Ресей мен Австро-Венгрия және Германияның арасында басталған соғыс ақырында шиеленісе келе бірінші дүниежүзілік соғысқа ұласады. Осы кезде герман армиясының Бас штабы Ресей империясын іштен іріту мақсатында Швейцарияда эмиграцияда жүрген орыс революционерлерін Ленинді басшы етіп, Финляндия арқылы айналма жолмен Петроградқа жеткізеді. Ар жағы белгілі. Күн көсем шаруаларға «Егер империяны құлатсақ жердің барлығын крестьяндарға үлестіріп береміз. Мәңгіге», деп жұмысшыларға «зауыт-фабриканы үлестіріп береміз. Мәңгіге» деп уәде етеді. Социализм кезінде мемлекет деген жойылады деп тағы да «бақыт үлестіреді». Осы қарабайыр ұрандар таңғажайып нәтиже берген.

Ресейдің пәленбай миллиондық армиясы шаруалардан құралған. Лениннің уәдесіне сеніп қалған солдаттар майданды тастап, тезірек жер бөлісуге асығып селоларына қашқан. Әрине, қолдарындағы винтовкаларын тастамаған, қашқан әскерді тоқтатпақ болған офицерлерді штыкпен шаншып, атып өлтіріп кете берген. Осылайша Батыс майдан күйреп, жойылып, неміс армиясы ешқандай қарсылық көрмей Ресейдің жерін оп-оңай жаулап ала салған. Немістер Ленинге «Ресей империясын таратып жоқ қыласың, осыны орындасаң орыстың бүкіл байлығын тонауға рұқсат береміз, сендерге ешкім сырттан келіп тиісе алмайды, себебі, біз сендерді қорғап тұрамыз» деп қатаң тапсырма береді. Ленин өзінің қожайындарының айтқанын екі етпейді, революция жеңіске жеткеннен кейін «Ресей империясы жойылды, енді елдің барлығы бос, тараңдар» деп жар салады.
Осы жан-жаққа «тараған» халықтардың ішінде Ресейдің бұрынғы отары Финляндия ғана шын бостандық алып, егемендікке жетіпті. Ал қалған елдер, ұлыстар, халықтар қайтадан қанға батырып, қайтадан біріктірілген. Оның себебі мынада еді.

1918 жылдың күзінде біріккен одақтастардың күшіне төтеп бере алмаған Германия күйреді, масқара келіссөздердің кезінде, Америка мен Англияның небір қорлық шарттарына көніп, егемендігінен айырылды. Өзін таққа отырғызған қожайыны Германиядан құтылған Ленин енді мүлдем басқа адамға айналды, «Социализм кезінде мемлекет атаулы жойылады!» деген бұрынғы ұранды ұмытып, енді Ресей империя­сын бұрынғы шекарасында қалыпқа келтіру идеясын уағыздай бастады. Ақырында Ақ гвардияны жеңіп, ары асырып тастағаннан кейін, империяның бұрынғы отарларын қайыра отарлады. Міне, алашшыл-түрікшіл қозғалыс осы 1917 жылғы қазан төңкерісі мен 1918 жылы Германияның күйреуі аралығында дүниеге келген ұлы елдіктің елесі еді.

Құрметті оқырман, сіз жаңылыс оқып отырған жоқсыз. Бұл шынында да ұлы елдіктің, Ұлы Түрік қағанатының елесі еді. Картаға қараңыз. Егерде Ақтаудан тік тартсаңыз Каспий теңізінің (бізше Хазар теңізі, немесе Көк дария, немесе Әбескүн теңізі) арғы жағасында Мақашқала – Дағыстанның астанасынан шығасыз. Дағыстанда құмық, қарашай, балқар отыр. Солға қарай, яғни Иранға қарай сәл қиыстау тартсаңыз – Бакуден, Әзербайжанның астанасынан шығасыз. Ал Әзербайжанның өзі баяғы Иран мен Ресей соғысы кезінде пайда болған ел. Соғыста жеңілген Иран қоластындағы әзербайжанды (түрік нәсілін) ортасынан қақ бөліп Ресейге берген. Яғни жарты әзербайжан өзінің жерімен, суымен, нуымен қазіргі Иранның құрамында отыр. Әзербайжанның ар жағы Нахичеван. Ал Нахичеванның арғы жағы ұлы Түркия. Ыстамбұлдан шығып Қара теңізді қақ жарсаңыз тағы бір түрік нәсілі жайлап отырған Қырымнан шығасыз.

Қазақстанның солтүстік батысында Еділ бойы түріктері – татарлар, башқұрттар, марилер отыр. Сібірде алтайлықтар, төлеңгіттер, хақастар, тувалар, барабын татарлары, якуттар, оның ар жағында тунгустанып кеткен тағы да толып жатқан түрік халықтары. Осының бәрі бір әліпбиді пайдаланса, күндердің күнінде жақындаса келе «екінші шағатай тілі» пайда болар еді. Әрине, Ленин бұндай салмағынан жер жарылған елдіктен шошыған, қайткен күнде болдырмаудың әрекетіне кіріскен. Оның адал шәкірті Сталин де бұл «игілікті» істі ары қарай түбегейлі жүргізіп, ақырында ұлы түрік идеясын күйретіп тынған. Ар жағы оқулықтардан белгілі. Жер-жердегі түрік нәсілінен шыққан қайраткерлер лек-легімен атылған, асылған, түрік санасы енді қалыпқа келместей етіліп өшірілген. Біз Кеңес одағының территориясында тұратын түркі халықтарының санын әлі күнге дейін толық білмейміз. Статистикалық мәліметтер совет заманында да, қазір де жасырылады. Әйтеуір көп екенімізді білеміз. Бірақ, қанша? Белгісіз.

...

Енді, міне, бүгін, ішкі-сыртқы саясатта аса байыпты, сақ, ақырын жүріп анық басатын Елбасымыз ерекше іске бел буып отыр. Енді әліпбиіміз өзгереді. Әліпби өзгереді, осылайша біз төрт тарап, жеті ықылымға тарап кеткен бауырлас ағайынмен, түрік деп аталатын нәсіл мен қайыра бауырласамыз, ортақ мәдениетке қадам басамыз. Бұл баяғы Ахмет, Әлихан, Мұстафа, Жаһанша, Мағжан, Міржақып сынды аяулы ағаларымыздың, Исмайылбек Ғаспыралы бастаған Қырым ұлтшылдарының, тағы да, біз атын біле бермейтін түрік нәсілі қайраткерлерінің асыл арманы еді. Олар жете алмады. Міне, біз бүгін осы істі ары қарай жалғастырамыз.

Әрине, әліпбидің өзгеруі өте қиын шаруа. Әлі талай қателер болады, программалар өзгерген себепті компьютерлер «қалқып» қалатын болады, кириллицада жасалған жазба мұраны жаңа жазуға аудару кезінде талай сүріну де болады. Бәрі де болады. Бірақ соның бәрі де өтеді. Өтеді де кетеді. Діни кітапта айтылғандай, «Жаңа аспанға жеткенде, өтіп кеткен аспанды есіңе де алмайсың, ол туралы өкінбейсің де».

Жаңа әліпби құт-берекеге жеткізсін, ағайын.

 

Таласбек Әсемқұловтың 2013 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Әріп тағдыры» атты мақаласынан үзінді. Мақаланы толық оқу үшін

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>