ОҚО әкімі 60 мың тонна мақта шикізатын дайындайтын зауыттың жұмысымен танысты

12 Октябрь, 2017880


Оңтүістік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданында болып, Елбасы міндеттеген тапсырмалардың ауданда жүзеге асырылуын бақылады. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалар аясында ісін өрге дөңгелеткен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті.

Сапары барысында аймақ басшысы Асықата кентіндегі «Ақ алтын» мақта зауытының мақта шикізатын дайындайтын технологиялық процесімен және дайын өнім түрлерімен танысты.

Құрылғанына жарты ғасыр толған Оңтүстіктегі іргелі кәсіпорынның ұжымы биыл 50 жылдығын атап өтуде. Мұнда 265 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 60 мың тонна мақта шикізатын дайындап, оны ТМД мемлекеттеріне экспорттайды.  Қазақстандағы тұқымдық шиттiң 70-80 пайызын дәл осы кәсіпорын дайындайды. Кооперация иелiгiндегi 400 гектар жерге мақта, жүгерi, жоңышқа, тағы да басқа дақылдар егiлген, сондай-ақ, кәсіпорынға қарасты тауарлы-сүт фермасында 200 асыл тұқымды iрi қара мал өсiріледі.

«Мақтарал ауданының облыс ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған үлесі орасан.   Осы ретте диқандар мен шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде қолдау білдіріліп отырғанын айта кетуге тиіспіз. Облысымыздағы шаруа қожалықтары кооператив боп бірігіп, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Ырыс» микро қаржы ұйымының қаржылай қолдауына ие болып, табыстарын еселеуге мүмкіндік алды», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетейік, жұмысшылардың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайын жақсарту, өмiр сүрулерiне барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында 50 жыл ішінде 100-ге тарта тұрғын үй, бiрнеше екi қабатты коттедждер салынған. Сонымен қатар, кәсіпорынның демеушілігімен 140 орынды балабақша бой көтердi. Қазiргi кезде Асықата кентіндегі «Зауыт» мөлтек ауданында 220-дан астам отбасы тұрады. Газ, ауыз су, жол мәселесi толық шешiлген.

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>