19-01-21 | 12:03
1 ақпаннан бастап 100 мың адамға екпе салынады.
1 ақпаннан бастап 100 мың адамға екпе салынады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталатынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, вакцинациялау екпенің жеткізілуіне қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылады,  деп хабарлайды Arasha.kz.

COVID-19-ға қарсы вакцинаны жыл соңына дейін 6 миллион адамға егу жоспарланған. Бұл туралы  Sputnik Қазақстан жазды.

Министрдің айтуынша, 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтика кешені мен Ресейлік тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың доза алғашқы партиясын жеткізу туралы келісімге қол қойылады.

«1 ақпанда халықтың кейбір топтарына коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егуді бастау жоспарланып отыр. Вакцинациялау екпенің жеткізілуіне қарай кезең-кезеңмен жүзеге асады», – деді Цой үкімет отырысында.

Вакцина кімдерге егіледі

Бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

Екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

Үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, студенттер, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

«Жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салу жоспарда бар», – деді Цой.

Бұған дейін денсаулық министрі Қазақстанда наурыз айының соңында коронавирус шарықтау шегіне жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk