08-05-18 | 17:10
100-оқулық аударма жобасы: Бұл бастама бізге не береді?.
100-оқулық аударма жобасы: Бұл бастама бізге не береді?

Осы бір жылда көз жеткізгеніміздей, әлемнің айтулы университеттерінің оқу бағдарламаларына енген оқулықтарды аудара отырып, қазақ кеңістігі елеулі табыстарға қол жеткізеді.

Ең бастысы, бұл оқулықтар студенттердің белгілі бір оқу бағдарламасын игеруіне жол ашумен ғана шектелмейді. Мемлекет басшысы Астанадағы жиында «Экономикс», «Менеджмент» сияқты кітаптар әр кезде іс бастаған, үлкен шаруаға тәуекел еткен жандарға көмек бола алатынын да баса айтып өтті. «Эконо­микс» оқулығында қаржы дағ­дарысы мен оның себептері, дағдарыстан кейінгі әлем және жаңа теориялардың пайда болуына қатысты тың деректер келтірілген. Демек, өмірдің өзімен үндес еңбек қазіргі уақыттың барлық сын-қатеріне жауап бере алады. «Экономикс» – атақты Оксфорд, Кембридж универ­ситет­терінде,  «Менеджмент» Гарвард университетінен бастап, әлемнің маңдайалды алты бірдей жоғары оқу орнында оқытылады. Аударылған оқулықтардың дені 600-800 беттік, көлемді кітаптар. Әрқайсысы тиісті ғылым саласына жан-жақты шолу жасайды. Мұндай бір оқулықты құрастырып, дайындауға кемінде 20 маман жұмылдырылып, екі-үш жыл қауырт жұмыс істейд. Бір оқулықты құрастырып, баспаға дайындау құны жарты миллионнан 3 миллион долларға дейін жетеді екен. Сондықтан да оқулықтар әдетте өте қымбат тұрады. Мысалы, жоғарыда аталған «Экономикс» оқулығын америкалық студенттер 280 долларға сатып алады.

 Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, әйгілі экономист, профессор Клаус Швабтың қаламынан туған «Төртінші индустриялық революция» кітабы да қазақ тілінде «сөйлеп», отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосады, сонымен қатар қазіргі әлемнің даму барысындағы біз ескеруге тиіс мәселелерді де ұғындырады. Демек, әлемдегі алдыңғы қатарлы ой жүйесімен қазақ студенті өз оқу орнында, өз тілінде танысып, көкжиегін кеңейтеді.

Журналист, «Болашақ» стипендиаты, Кардифф (Ұлыбритания) университетінің магистрі Әділбек Жапақ әлеуметтік желіде бұл жобаның маңыздылығына ерекше тоқталыпты. «Ұлыбританиядағы университет кітапханаларында кез келген саладағы оқулықтар кем дегенде бір сөрені толық алып тұратын. Қайсысын оқырымызды білмей, көзіміз тұнады. Әр автор бір тақырыптың төңірегінде өзінше пайым жасайды, ішіндегі мысалдары мен кейс стадилері – заманауи. Кітап ақтарып отырып: «Шіркін, мыналардың ішіндегі must-read еңбектерді іріктеп алып, қазақшаға тәржімаласа ғой» деген ой-қиял талайдың кәлләсіне кіріп-шыққанына шүбәм жоқ. Бірақ оны іске асыру жағына келгенде ресурс пен мүдделестер, қыруар қаржы қажеттігі алдыңнан шығады. Көкейімізде құмығып жатқан осы бір ой-аңсарды президенттің былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шындыққа айналдырды», – дейді ол. Қазір Әділбектің өзі де осы жобаға белсене араласып жүр. Демек, аудармашылар өз қазанында ғана қайнап жатқан жоқ, батыстың білім жүйесінен сусындаған дарынды жастарды да игілікті іске араластырып келеді.

Жобаны іске асыру барысында Ұлттық аударма бюросы еңбектердің авторларымен де байланыс орнатты. «Ф­и­ло­софияның таң­­дау­лы 25 кітабы» еңбегінің авторы Реми Хесс өткен жылы Астанаға келіп, ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Ғалымның өз еліне үлкен әсермен оралғанын осы еңбекті француз тілінен тікелей аударған ғалым, Жетісу мемлекеттік университеті шет тілдері мен аударма кафедрасының меңгерушісі Айымжан Әбуқызы айтып өтті. Хесс мырза өз еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасына алғы сөз де жазып берді. Сондай-ақ «Тіл және мәдениетаралық коммуника­ция» еңбегінің авторы Светлана Тер-Минасова да аудармашылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, алғы сөз жазып, тілеулестігін танытып отырды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.