Думан Рамазан: Соттар – тәуелсіз деген бос сөз екен!

88

Жазушы Думан Рамазан өзінің фейсбук парақшасында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері адам тағдырымен ойнайды, соттар агенттік қызметкерлерінің айтқанын орындайды екен деп агенттік жұмысы мен сот жүйесіне қатысты пікірін ашық жазған екен. Ашық хат сипатты жазбасын жазушы жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың атына қаратып айтқан.

“Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың назарына

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Құдайдан қорықпайды екен. Өздері тапсырмамен арандату (провакация және подстава) әрекеттерін жасап, жазықсыз жандарды ұстап, түрмеге тоғытып жатыр. Не үшін дейсіздер ғой! Әрине, қызметтері мен шендерінің өсуі үшін. Қызметтері мен шендері өсер-ау, адам тағдырын ойыншыққа айналдырғаны үшін Құдайдың зауалы тиерін ойламай ма?! Өз басына, болмаса ұрпақтарына Құдайдан бір жаза келерін неге ойламайды екен! Біреуге жасаған жамандығың, қиянатың ешуақытта далаға кетпейді. Міндетті түрде қайта айналып өзіңді табады. Қарғыс арқалаған адамның оңғанын көргемін жоқ. Өздері болмаса да, ұрпақтары сазайын тартады. Тартқанда, қалай тартады?!. Құдай бұйыртса, оны да көреміз!
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шенді қызметкерлері тек арандату әрекеттерін жасап, жазықсыз жандарды ұстап қана қоймай, соттарға қысым жасап, соттатып жібереді екен! “Неге бұлай зорлық жасап соттатуға күш салады” десем, “олар ұстаған адам ақталып шықса, олардың жұмысына минус қой. Аттары мен қызметтеріне кір келеді. Тіпті өздері жылы креслоларымен қоштасып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шенділері ұстаған адамдарын мейлінше соттатуға тырысады” дейді білетіндер. Тағы да білетіндердің айтуынша, кейінгі кездері арандату іс-әрекеттері арқылы ұстау Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің жұмыс істеу тәсіліне айналыпты. Шынында да осы сөздердің жаны бар!..
Соттар – тәуелсіз деген бос сөз екен! Соттар – тәуелді екен! Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соттарды қолдарында ойнатады екен! Не деген масқаралық! 
Ел Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановты мақтайды. Адал, әділетті, иманды адам деп. «Егер кінәсі болмаса, жазықсыз жандарды соттамаңдар! Оларды мейлінше ақтап алуға тырысыңдар» деп ескертіп отыратын көрінеді. Ал аудандық, қалалық соттар Жоғарғы соттың төрағасын емес, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасын орындайды екен! Солардан өлердей қорқады екен! Неге қорқатындары белгілі емес пе?! «Ұрының арты қуыс» деп, өздерінің артын ойлайды. Өзімді де арандатуға ұшыратып, соттатып жібере ме деп. Сондықтан кейінгі кездері көптеген жазықсыз жандардың аудандық және қалалық соттардан үкім алып, Жоғарғы соттан ақталып жатқандары да шындық. Бұл да жақсылықтың нышаны деп білемін!
Егер шынымен мемлекеттің қаржысын қымқырса, шынымен пара алып жатқан жерінде ұсталса, кім-кім болса да лайықты жазасын алу керек! Істеген нәрсесін қолымен көтерсін! Ал жазықсыз жандарды өздері арандату іс-әрекеттерін жасау арқылы ұстау мен жазалау барып тұрған шектен шыққандық емес пе?!
Құрметті Судьялар, Сіздердің де жақындарыңыз, бауырларыңыз, балаларыңыз бар емес пе?! Неге жазықсыз жандардың жазықсыз екенін біле тұра, оларды неге ақтай алмайсыздар! Әрине, «Өзімді аңдып жүріп ұстап алып, соттатып жібере ме» деп қорқасыздар. Бірақ, обалды ойламайсыздар ма? Адам тағдыры ойыншық емес қой! Кінәсі жоқ, байқамай қақпанға түсіп қалған адамдарды соттап жіберіп қалай алаңсыз ас ішесіздер, қалай тыныш ұйықтайсыздар?! Осыны еш түсіне алар емеспін! 
Сондықтан соттарға мейлінше адал болып, оң шешім шығарса екен деген өтінішіміз бар. Бұны Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың назарына жеткізуге тырысамыз! 
Жазықсыз жандарды соттамаңыздар, қадірлі соттар! Адам алдында ғана емес, Құдайдың алдында да кінә мен күнә арқалап, Жаратушы Жаппар Иеміздің қаһары мен жазасына ұшырайсыздар!” деп жазады Д.Рамазан.