ҚМДБ ғаламтор арқылы шетелдік жеке тұлғалардың күмәнді уағыздарын тыңдамауға шақырды

31

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) экстремистік ағымның жалған үгіт-насихатына алданып қалмауға шақырды, деп хабарлады діни басқарманың баспасөз қызметінен.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарын ғаламтор арқылы шетелдік жеке тұлғалардың күмәнді уағыздарын тыңдамауға, өзге елдерде өз бетінше діни білім алмауға үндейді. Сонымен қатар, материалдық мүмкіндіктер жасап, жалған сенім мен қауіпті қантөгіске үгіттеушілердің сөзіне алданып қалмауға шақырады», – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Мұндай жағдайға тап болған кісілер шұғыл түрде тиісті мекемелер мен ресми діни мамандарға хабарласуы керек деді.
Еске салсақ, 7 және 9 мамырда Сириядан Қазақстанға 231 қазақстандық қайтарылды.
«Лаңкестік ұйымдардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан моралдық, материалдық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Қоғамға бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде олар қызметке орналасып, ағайын-туыстарымен қауышты, ал балалары бала-бақшаға баруда. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз», – деп атап өтті ҚМДБ.

Дереккөз: ҚазТАГ