Азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдер тыйылмай тұр

13

Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа осыған қатысты сауал жолдады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуын ақпараттық қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда кейбір телеарнада ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті неше түрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Мәселен, жуырда «Жетінші арна» телеарнасындағы «Өз ойым» атты бағдарламада абыройын ақшаға сататындығын жариялаған қазақ қызының шектен шыққан ұятсыз қылығы және оны осындай рөлде ойнауға үгіттеп көндірген телеарна қызметкерлерінің «атын шығару үшін жер өртеуге» дейін баратын теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызды», – деді Кәрібай Мұсырман.
Бұған қоса, депутат «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары мен басқа мемлекеттік бағдарламалар мемлекеттік телеарналарда дұрыс насихатталмайтынын айтты. Мәжілісменнің дерегінше, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жылдан жылға көбейтіліп отыр.
«Осыған орай, мынадай ұсыныстарды енгіземіз: бірінші – республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асуын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін кеңінен талқылау керек. Соның ішінде БАҚ-та ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалауды ұсыну қажет. Қажеттігіне қарай қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылсын», – деді Кәрібай Мұсырман төменгі палата отырысында.
Мәжілісменнің айтуынша, екіншіден, мемлекеттік телеарналарда мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттауға арналған тақырыптық және интерактивті бағдарламалар ашу керек.

BAQ.KZ