Талантты жастар табысты бизнес ашудың құпияларымен бөлісті

25

Елордада екі күн қатарынан өтіп жатқан ХІІ Астана экономикалық форумы аясында еліміздің талантты жастары бизнес ашуға қатысты өз ойларымен бөлісті. АХҚО алаңында бас қосқан “Enactus Kazakhstan” ұйымы жетекшілері мен еліміздің үздік жоғары оқу орындарының студенттері Қазақстандағы жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Студенттер сессия қонақтарына талапты жастардың әлеуметтік әрі іскерлік жобаларын таныстырып, “Enactus” ұйымына қалай келгендіктерін айтып берді.

“Мен де осында отырған студенттер сияқты “Enactus” ұйымы туралы осыдан төрт жыл бұрын білдім. Қазір біздің қалада, яғни Таразда бұл жобамен көптеген жастар таныс. Біздің ең алғашқы жобаларымыздың бірі – баламалы энергия көзін жасау жөніндегі жоба болды. Ауылды жерлерде отыннан қалған күлді адамдар сыртқа қоқыс ретінде лақтырады. Сол себепті біз осы отынның күлі мен малдың тезегін біріктіріп, жаңа отынның түрін жасап шығардық. Қазір Жамбыл облысында
осы жобаға 3 ауылдың тұрғындары тартылды. Сондықтан мемлекеттен көмек күтудің қажеті жоқ.
Жастар оқу бітіріп, өз ісін ашуға талпыну керек. Біздің жобаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың өзі қолдау көрсетті, біз былтыр ол кісінің қабылдауында болдық”,-деді Тараз мемлекеттік университетінің студенті Кәрімжан Сүлейменов.

Ал ENACTUS Eurasia басқарушы директоры Юсуф Маджидов жыл сайын аталмыш жобаға қызығушылық танытып келе жатқан студенттер саны артып келе жатқандығын мәлімдеді.

“Enactus жобасының басты мақсаты – жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытып, олардың тың жобалары мен идеялары арқылы әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған тұрғындар тобының өмір сүру деңгейін жақсарту болып табылады. Мұндай жобалар АҚШ, Үндістан, Германия елдерінде жетістікке жетіп, қарапайым ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына септескен.
Былтырғы жылы 38 мың студенттің 68 пайыз жобасы тұрақты даму тақырыбына арналды. Мысал ретінде германиялық жастардың Африка құрлығындағы әлеуметтік жағдайы төмен елдерге жасап шығарған ерекше көзілдіктерін атап өтуге болады. Мысалы осы жобаға сол елдердің 1800-ден астам отбасы тартылды. Мұндай көзілдіріктердің тек біреуінің құны – 1 АҚШ долларынан аспайды ”,-деді ENACTUS Eurasia басқарушы директоры Юсуф Маджидов.

Еске сала кетсек, АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы “Enactus” ұйымымен тығыз жұмыс жасайды.
АХҚО Бюросы “Enactus” бағдарламасы бойынша қаржы саласының үздік жоба жеңімпаздарына демеушілік етіп, АҚШ-қа арнайы жолдама береді.
Бұған қоса АХҚО елге инвестиция тарту ісіне де өз үлесін қосып отыр. Қазіргі таңда АХҚО-да Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінен жүзден астам компания тіркеліп үлгерді. Өңірлік қаржылық хаб 2020 жылы тіркелетін компаниялар санын 500-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.