Абзал Құспан: сайлау барысында биліктің лас жұмысына араласудан бас тартуға шақырамын!

370

Белгілі заңгер Абзал Құспан фейсбук парақшасында сайлауға байланысты бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне арнайы үндеу жариялады.

“Құрметті ағайындар, бұл сайлау, бұрынғы сайлаудан өзгерек! Өйткені, ел ояна түсті, жер-жерде белсенділік артуда, оны көзіміз көріп отыр. Өзгермеген билік қана, олар әлі де сол өздерінің әкімшілік ресурстарына сүйеніп, бұрынғыша ойларына келгенін істемек. Әкімшілік ресурс дегеніміздің бәрі “әкімқара” емес, сол баяғы мектеп, аурухана т.б. бюджеттік мекеме қызметкерлері.
Мен бүгін сол санаттағы азаматтарға ҮНДЕУ жасағым келеді!
Құрметті бюджеттік сала қызметкерлері!
Сіздер жылдар бойы биліктің айтқанын қыламыз деп, халықтың дауысын ұрлауға, сайлау нәтижелерін бұрмалауға еріксіз ат салысып келдіңіздер. Ол үшін осы кезге дейін ешқайсыңыз қылмыстық немесе басқалай жауапкершілікке тартылмадыңыздар, тіпті ол үшін жауапкершілік көзделгенін білмеген де боларсыздар.
Алайда, бүгінде заман өзгерді, айналаға көз салып қарасаңыз, күні кешегі өзіміз сияқты көптеген елдер сөз жүзінде емес, іс жүзінде автократиядан бас тартып, демократиялық жолға түсуде. Ол өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпек емес! Басқасын айтпағанда, қазір жер-жерде ел болашағына бей-жай қарай алмайтын, тәуелсіз бақылаушылар тобы іске кіріскелі жатыр. Бұрын-соңды ешбір сайлауда ел халқы дәл бұлайша, білек сыбанып, белсенділік танытқан емес. Оның үстіне қазіргі техникалық жетістіктер (смартфон, әртүрлі түсіру, жазу қабілеті бар құралдар) бақылаушылар жұмысын жеңілдетіп, “дауыс ұрлау” механизмін “қиындата” түспек. Осыған орай заңгер ретінде Сіздерді сайлау барысында биліктің лас жұмысына араласудан кесімді түрде бас тартуға шақырамын, сонымен қатар сайлау заңдылығын бұзғаны үшін қолданыстағы қылмыстық кодекспен нақты жауапкершілік көзделгенін де ескертемін! Биліктің лас технологиясына араласудан бас тартыңыз! Сол Сіздердің ел болашағына қосқан үлестеріңіз болсын! Сол арқылы әрі өздеріңіздің жеке бастарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіздер! Сіздерді заңсыз әрі лас істерге итермелегісі келген шолақ белсенділерге қылмыстық кодекстің мына баптарын көрсетіңіз, егер оған қарамастан заңсыз әрекеттер жалғасқан жағдайда, олардың бейнесін немесе дауысын жазып алыңыздар, ол шаралар болашақта өздеріңізді қорғауға қажет болмақ”, деп жазған заңгер заң талаптарында көрсеткен.

150-бап. Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау

1. Азаматтың өзiнiң сайлау құқықтарын немесе референдумға қатысу құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергi жасау, сондай-ақ сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөнiндегi комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге, дауыстарды санауға және сайлаудағы немесе референдумдағы дауыс беру нәтижелерiн айқындауға байланысты мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) параға сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұласқан;
2) адам өзiнiң лауазымдық жағдайын немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасаған;
3) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған;
4) электрондық сайлау жүйесi жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртiбiн бұзу жолымен жасалған дәл сол іс-әрекеттер
төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

151-бап. Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу

1. Сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньдерге немесе қол қойылған парақтарға жалған жазбалар енгiзу, дауыстарды көрiнеу дұрыс есептемеу не сайлаудың нәтижелерiн немесе референдум қорытындыларын көрiнеу дұрыс айқындамау не дауыс беру құпиясын бұзу, егер бұл іс-әрекеттердi Қазақстан Республикасының Президентiне кандидаттың сенім білдірілген адамы немесе депутаттыққа кандидаттың сенім білдірілген адамы, сол сияқты сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу жөнiндегi комиссияның мүшесi жасаса, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Электрондық сайлау жүйесi жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртiбiн бұзу жолымен жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.