Даниал Ахметов Чжао Чунцзюға Шығыс Қазақстаннан 40 мың гектар жер бөлінетінін айтты

2015

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Қытайдың Шыңжан Ұйғыр автономиясы, Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзюмен кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға 40 мың гектар жер телімі бөлінетітін мәлімдеді. Бұл туралы жазған “ALTAYNEWS” жергілікті ақпараттық құралы шетелдік қонақтарды әсіресе ауыл шаруашылығы саласы қызықтыратынын жазады.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов те Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл агросектордегі әріптестік аса маңызды екенін жеткізіп, қонақтар назарына бірнеше жобаны ұсыныпты.

  • “Облысымызда жаңа құс фабрикасын салуды жоспарлаудамыз. Бұл – ауқымды жоба. Аталмыш мақсатқа 40 мың гектар жер бөлеміз. Тағы 300 гектарға жуық телімде фабриканың негізгі базасы орналасатын болады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 30 мың тонна құс етін өндіруі тиіс. Міне, осы бір жобаны жүзеге асыруға сіздер де атсалыссаңыздар деген тілегіміз бар”, -деп әкім ұсыныс айтқан.

Даниал Ахметовтың айтуынша облыста бірнеше қазақ-қытай кәсіпорыны бар. Мәселен, Көкпекті ауданында құрылған дәл осындай компанияның бірі қазір Қытай еліне балық өнімдерін экспорттаумен айналысады. Бесқарағай, Үржар аудандарында да бірлескен кәсіпорындар бар. Әкім Қытайға ет өнімдерін экспорттауға мүдделі екендіктерін де айтқан.

Чжао Чунцзю мырза да Шыңжан Ұйғыр автономиясы үшін Шығыс Қазақстан облысы негізгі стратегиялық әріптестердің бірі екенін жеткізіп, бүгінде Шығыс Қазақстанда екі өңірдің кәсіпкерлері құрған 12 бірлескен компания бар екенін айтқан.

  • Сіздердің облыстарыңызда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері жоғары сапаға ие екенін де білемін. Әсіресе, бидай, ұн мен майлы дақылдарыңызды мақтайды. Біз Шығыс Қазақстан облысынан осы сияқты өнімдерді көбірек алғымыз келеді. Туризм саласын да дамытуға ниеттіміз. Өткен жылдың қараша айында Үрімжі қаласында кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізген болатынбыз. Енді сол басқосуда қол жеткізген уағдаластықтарымызды іс жүзінде орындауға даярмыз, – деді Чжао Чунцзю.

Сондай-ақ, Даниал Ахметовтың фейсбуктегі жеке парақшасында 16 мамыр күні Қытай тарапымен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мақсатында хаттамаға қол қойылғаны жазылған.