Сәуле Әбілдаханқызының ісіне қатысты ашық хат жарияланды

1185
Бір топ қоғам белсенділері Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев, Бас прокурор Ғ.Д.Нұрдәулетовке және Ішкі Істер министрі Е.З.Тұрғымбаевтың атына ашық хат жолдады. Бұл туралы экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлайды. 
Олар азаматтық белсенді, журналист Сәуле Әбілдаханқызына қысым жасалуына қарсы екендіктерін жазған.
“Сәуле Әбілдаханқызы қарсы қылмыстық, әкімшілік іс қозғалуын қоғам үлкен алаңмен қабылдауда. Бұл істердің қозғалуына негіз бар екендігіне деген күмән, әсіресе, Сәуле Әбілдаханқызы полиция бөлімшесінің маңында соққыға жығылған соң айтарлықтай күшейді. Біз Сәуле Әбілдаханқызына тағылған айыптарды – жала, соққыға жығылуын – қылмыс және азаматтық белсендіге, тұтастай алғанда, азаматтық қоғамға жасалған қысым деп білеміз. Ел алдында абырой-беделі зор Сәуле Әбілдаханқызындай қоғам қайраткерінің полиция бөлімшесінің қасында және полиция қызметкерлерінің көзінше соққыға жығылуы – биліктің шұғыл, әділ һәм толыққанды реакциясын талап етеді.
Сізден: 1) Сәуле Әбілдаханқызына қарсы қозғалған қылмыстық, әкімшілік істердің қысқартылуын;
2) Сәуле Әбілдаханқызын соққыға жыққандарды және осы заңсыз әрекетке қатысы барларды (тапсырыс берушілер, ұйымдастырушылар, т.с.с) шұғыл, толық анықтап, тиісті жауапкершілікке тартылуын;
3) Сәуле Әбілдаханқызын полиция бөлімшесінің қасында соққыға жығылуына жол бергендер мен қылмыстық әрекетсіздік танытқан полиция қызметкерлерін тиісті жауапкершілікке тартылуын;
4) Сәуле Әбілдаханқызын жеке басының қауіпсіздігі қамтамасыз етілуін
Талап етеміз!
Жоғарыда баяндалған жайттың президент сайлауы сынды зор саяси оқиға қарсаңында орын алуы – бұл мәселеге тиісті және жете көңіл бөлмеудің салмақ-салдарын еселей түсетініне назарыңызды аударамыз. Сондай-ақ, соңғы кезде журналисттерге, азаматтық белсенділерге қарсы бағытталған қысым («Азаттық радиосы» тілшілеріне қызметтік міндетін атқаруға кедергі жасалуы), қастандық (Ғалы Бақтыбаевтың қазасы) оқиғаларының орын алуы – жаппай бұқаралық наразылық пен толқуға әкелген жағдайда бұл үшін жауапкершіліктің бір және едәуір бөлігі – өз міндетін дұрыс, толық және дер кезінде атқармаған билікке жүктелетінін қаперіңізге саламыз.
“Елім, жерім” деген барлық белсенді азаматтарды осы хатқа қол қоюға шақырамыз! Сәуле қызымызға пана болайық, ағайын!” -деп жазылған ашық хатта.
Ашық хат қоғам белсенділері: Мұxтар Тайжан, Жәнібек Қожық, Абзал Құспан, Нұрлан Сәдір, Берік Шадғали, Уайс Ерсайынұлы, Исатай Утепов, Darhan Muhan, Жексен Абдрахманов, MQ Aman Qazaq, Амандық Дәулетбекұлы, Болат Сыздық есімді азаматтардың атынан жарияланған.
Еске салсақ, азаматтық белсенді, журналист Сәуле Әбілдаханқызы 5 маусымда кешкісін Алматыда соққыға жығылып, ауруханаға жеткізілген еді. Журналистің өзі Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінен шыққан кезде беймәлім бірнеше әйел ұрып кеткенін айтқан. 
Сәуле Әбілдаханқызы белгілі тележурналист, қоғамдық белсенді. Ол көпбалалы аналардың мәселесін көтерумен айналысып келеді және Сайрагүл Сауытбайдың сот ісі кезінде де азаматтық белсенділік көрсеткен. Өткенде Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев бастаған Қазақстанның шетелдегі оппозициясы ұйымдастырған “Париж” конференциясына қатысып келгені белгілі.