Бэлла Орынбетова: Басты мақсат – халықты билікке жеткізу.
Бэлла Орынбетова: Басты мақсат – халықты билікке жеткізу

Бүгін еліміздің бірқатар белсенді жастары «Республика» атты қозғалысты құрғандарын мәлімдеді. Осыған орай қозғалыстың мүшесі Бэлла Орынбетоваға хабарласып, қозғалыстың бағыты, атқаратын міндеттері жайлы сұрап білген едік.

Бэлла, сіздер құрған «Республика» қозғалыс па әлде партия ма?

– Бұл әзірге  қозғалыс.  Партия деп айта алмаймыз, ол үшін тіркелу керек. Бірақ түпкі мақсатымыз партия болып тіркелу.

Қозғалыстың атқаратын міндеті, мақсаты жайында айтып берсеңіз. Бұл қандай бағытта болады?

– Басты мақсат – халықты билікке жеткізу. Өзіңіз де көріп отырсыз ғой, қазір билік басында халыққа қатысы жоқ адамдар отыр, партияның тағайындаған адамдары ғана отыр. Тіптен, олармен диалог жасаудың өзі де мүмкін емес. Олар қарапайым халықтың мұң-мұқтажын түсінбейді. Олар мүлдем параллель әлемде өмір сүріп жатқандар. Қарапайым халықтың проблемасын шешу үшін сол халықтың ішінен шыққан адамдар жоғары жаққа баруы керек. Біздің мақсатымыз да сол – адамдарды жұмылдыру, халықты оятып, белсенділігін арттыру. Мәселен, кешегі сайлауда халық жиылып үлкен күш бола білді, бұрын ондайға сену қиын болатын. Тағы кішкене қолдап жіберсе, халық үлкен күшке айналатын еді.

Біздің билік «Республиканы» партия ретінде тіркейді деп ойлайсыз ба?

– Түрлі сылтаулар жасап, тіркеуге қарсылық білдіруі мүмкін. Дегенмен бізде басқа амал жоқ. Көшеге шыға алмаймыз, өйткені ондай әрекетті саналы қадам деп есептемейміз. Заңның барлық тетіктерін пайдаланбайынша көшеге шығудың қажеті жоқ. Ал, ол орындалмай жатса, мүмкін болатын шығар. Алайда заңның аясында барлық талаптарын орындай отырып шығу керек.

Бұл сонда жастарды қолдауға арналған ба?

– Өткенде Тоқаев «біз мектеп құрамыз, сонда оқыған дарынды жастар ғана ел басқарады» деген сияқты айтты ғой. Біз элитаның жастары емес, керісінше өзіміздің қарапайым жастарды шығарғымыз келеді.

Өткенде «Оян, Қазақстан» атты қозғалыс құрылды. Осы қозғалыспен және басқаларымен байланыс орнатылған ба?

– Иә, өткен аптада «Оян, Қазақстан» қозғалысымен сөйлескенбіз, байланыс бар. Біз бір-бірімізді қолдаймыз. Бүгін де кеңеске келгендер «партия көбейіп кетті» деп жатыр. Оның көбейгені тіптен жақсы. Мәселен, ұлтшылдар ұлтшылдардың мұң-мұқтажын көтереді, біз республикадағы  әлеуметтік мәселені шешетін партия боламыз, сөйтіп-сөйтіп әр салада қоғамның үнін жеткізуіміз керек. Мәселен, Ринат Зайытов та партия құрамын деп жатыр екен, онікі де дұрыс. Сонда белсенді адамдар да көбейіп, мүдделі топты шығарамыз. Арамыздға ешқандай бәсекелестік деген жоқ, міндетіміз бір болады. Халықты ояту, өз тағдырын өзі шешуіне жағдай жасау. Мемлекетке халық қажет емес, керісінше халыққа мемлекет қажет. Біз біреудің қолжаулығы емеспіз, бәрі ел үшін жасалуы керек.

Сіздерге қолдау білдіріп, қатарларыңызға өтсек деген жастар болды ма?

– Иә, жастар хабарласып жатыр. Жалпы қозғалысты құру идеясы бір күнде келе қалған жоқ. Бұрыннан ойлап жүргенбіз, сайлаудан кейін, яғни у-шу біткен соң құрамыз деген ой болған.  Бірақ, бүгінгі Әміржан Қосановтың жағдайында халық түңіліп кетті. Ол кісінің бүйтіп «лақтырып» кеткені де бір жағынан дұрыс болған шығар. Халық бір адам ғана проблеманы шешпейтінін түсінді.

Сіздердің арттарыңызда демушілік жасап тұрған ешкім жоқ, жұмыстарыңызды қалай жүргізесіздер?

– Мәселен, өзіңіз Қосановтың әлеуметтік желідегі парақшасын қарап көріңізші, онда артық ақша салғаны байқалмайды. Байқасаңыз біздің арамызда журналистер мен IT мамандар бар, сондықтан бізге артық ақшаның қажеті жоқ. Біз олар сияқты 44 миллион жұмсамаймыз, тек өз идеямызды айтамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Әділет Жұратханұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.