Арыстан қашқан тұрғындарға қарапайым адамдар аянбай көмектесіп жатыр

280
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Арыстағы жарылыстан соң қаланы тастап қашқан тұрғындарға жол бойындағы қарапайым ауылдың адамдары көмектесіп жатыр.

Мұндай халықтық көмек Арыстан Шымкент қаласына келіп жатқан адамдарға да көрсетілуде. Қала тұрғындарға мешітке жиналған жұрт азық-түлік, су тасып, қол ұшын созуда.

Мәселен, ҚазАқпарат тілшісімен тілдескен Арыс тұрғыны Балқия Зауырбекова «Жолда адамдарға риза болдық. Арыстан Қазығұртқа барар жолдың бойында адамдар үйлерінен шығып, қолында бар азығымен бөлісіп жатыр. Бірі нан, бірі бәліш, бірі су ұсынуда. Жас жігіттер торсықпен су тасып жүгіріп жүр. Көліктің терезесін түсіріп, өздері бірінші болып  ұсынғандарын көргенде қатты риза болдым. Арыстан қашып шыққаннан кейін қыр басында 3-4 сағат сусынсыз қалғанбыз. Сол қиындықтың бәрін мұндағы адамдардың мейірімі ұмыттырып жібереді екен» депті.

Сондай-ақ, фейсбукта “Арыс ақпарат” тобы ашылып, онда Арыс тұрғындарының қажеттілігіне қаражат жиналуда әрі жарылыстан соң ата-анасынан адасып қалған балалар туралы ақпараттар беріліп жатыр.