01-07-19 | 12:52
Үштілділік: Мектепте ешбір пән басқа тілде оқытылмау керек!.
Үштілділік: Мектепте ешбір пән басқа тілде оқытылмау керек!

Тіл ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан фейсбук парақшасында үштілділіктің жаппай үйретілуінің баланың ана тіліне үйренуіне қандай қаупі бар екені туралы жазды. Ғалымның жазуынша, ана тілін әлі толық игеріп үлгермеген балаға өзге тілді жүйелі түрде оқытса, бұл ана тілінің қалыптасып, дамуына нұқсан келтіретінін, соның салдарынан баланың жартыкеш тілдік тұлға болып қалуының қаупі зор екенін дәлелдеген зерттеулер көп.

“Латынграфикалы жазуға көшумен байланысты қазақ және ағылшын әліпбилері бірдей таңбалардан тұратын болатындықтан, әліппе үйренетін 5 жасар бүлдіршін екі тілдің жазу-сызуын шатастырып, тіпті оның психологиялық саламаттылығына да нұқсан келеді деген қауіптер көп айтылады. Қазіргі қоғам осыған қатты алаңдап отыр. Өйткені білім берудегі үштілділік саясат бойынша қазіргі кезде барлық балабақшалардың жоғары топтарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің әліпбиі бірдей оқытылады. Қазіргі қазақстандық қоғамда үштілді білім берудің маңызын түсініп, оны жаппай қолдау үрдісі басым болғанымен, сарапшылардың пікірінше, бүлдіршіндерге 1) балабақшадан бастап өзге тілді жүйелі оқытудың және 2) жалпы білім беретін мектепте информатика, химия, физика, биология сияқты дүниені танытатын негізгі жаратылыстану пәндерін ағылшын және орыс тілінде оқытудың қауіптеріне алаңдаушылық көп. Бұған негіз болатын ғылыми зерттеулер де аз емес (Ж.Пиаже, Л.Выгодский, И.Вайсгербер, А.Байтұрсынұлы, Н.Уәли, З.Ахметжанова, Т.Аяпова т.б.). Ана тілін әлі толық игеріп үлгермеген балаға өзге тілді жүйелі түрде оқытса, бұл ана тілінің қалыптасып, дамуына нұқсан келтіретінін, соның салдарынан баланың жартыкеш тілдік тұлға болып қалуының қаупі зор екенін дәлелдеген зерттеулер көп. Зерттеулерде балаға шет тілін үйрету ұлттық бірегейлік қалыптасқан кезде, яғни 9 не 12 жас аралығында жүзеге асырылса, ол өз ана тілі арқылы иеленген төл мәдениетінен қол үзбейтін, сол мәдениетке қызмет ететін тұлға болып қалатыны анықталып отыр. Осыған байланысты сарапшы мамандар мен қоғам белсенділері арасында Қазақстандағы барлық мемлекеттік балабақшаларды мемлекеттік тілге көшіру туралы ұсыныс айтылып жүр.
Ұлттық сананың маңызды компоненті – ғылыми сана. Әлеуметтік және психологиялық зерттеулерде жасөспірім шақта ғылыми санасы өзге тілде қалыптасқан тіл иелмендерінің өз ұлттық мәдени кеңістігінен ажырап қалу қаупі жоғары екені айтылып жүр. Бұл қауіптерді ескеру тәуелсіз Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік бірегейлігін қалыптастыру, нығайту үшін маңызды. Себебі бала кезден мемлекеттік тілде қалыптасқан ұлттық бірегейлік мықты болады, бұл – мемлекет іргесінің берік болуының кепілі. Сондықтан мектепте жасөспірімдерге барлық негізгі пәндерді ана тілінде оқыту мемлекеттік стратегиялық маңызды шарт. Сондықтан жалпы білім беретін мектепте ешбір пән басқа тілде оқытылмауы керек. Ал ағылшын тілін игертудің әлемдік тәжірибе көрсеткен тиімді жолы оны тілдік пән ретінде 9-12 жастан енгізіп, сағат саны мен оқыту сапасын арттыру арқылы жүзеге асыруға болады. Ағылшын тілін басқа пәндерді игерудің құралы ретінде ЖОО-да меңгерткен әлдеқайда тиімді.
Мемлекеттік тілде білім беретін орындар санын көбейту, қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру керек деген қоғамдық пікір басым: мәселен, сауалнамада мемлекеттік тілді дамытудың ең тиімді шаралары деп респонденттер мыналарды көрсеткен: «қазақ тілін үйрету әдісін жетілдіру» (43,6%), «мемлекеттік тілде оқытатын білім беру нысандарының (балалар бақшасы, мектептер) санын көбейту» (41,9%),сол сияқты «балабақшадан үйрете бастауды қажет ететін ұзақмерзімді бағдарлама қажет» (7,3%) деген респонденттер де болды” деп жазады Анар Фазылжан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.