Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров TalkLike жобасында журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында жер мәселесіне де тоқталып, өз пікірін айтыпты.

— Жерді сатамыз деп қоймаса, наразылық білдіруге мен дайынмын. Жер — біздің анамыз. Оны ешкім сатып алған жоқ. Оны ешкім бізге сатып берген жоқ. Ол — ата-бабамыздан қалған қазына. Оны ешкім тартып ала алмайды. Депутаттары болсын, басқасы болсын, жерді сатуға құқысы жоқ. Жер — халықтікі. Одан аттап, қолдарын созбасын олар!

Ал Байқоңырсыз бізге болмайды. Әлемде теңдесіз ғарыш айлағы бізде бар, ол болашақта да бола береді. Байқоңырды жоймау керек. Өйткені жаңарып, жаңаланып жатқаны өмірдің бәрі жаңа технологияға байланысты. Ал жаңа технологияңыз осы ғарыш саласынан бастау алады. Әлемнің мықты елдері жиналып, ғарышты бірге игеріп, зерттеп жатыр. Лаж болса, біз де солардың қатарына кіруіміз керек. Соған тырысуымыз тиіс. Одан қалып қойсақ, дамуымыз да тежеле береді, – дейді Тоқтар Әубәкіров.

Белгілі тележурналист Аман Тасығанның TalkLike жобасындағы Тоқтар Әубәкіровтің сұхбатына төмендегі видеодан тамашалай аласыздар!