05-09-19 | 13:16
Билікке сенбеу немесе Қытайға наразылықтың үш себебі.
Билікке сенбеу немесе Қытайға наразылықтың үш себебі

2 қыркүйектен бастап бірнеше күн Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында Қазақстанда Қытайдың 55 кәсіпорнының салынуына қарсы наразылыққа жүздеген адам шыққан еді, наразылық елдің төрт қаласында жалғасты. Билік өкілдері болса ешқандай 55 қытай зауыты салынбайтынын айтып, жұртты сендіруде. Ал халық ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзінің уәде беруін талап етті.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев бізге берген сұхбатында әкімдер халықты шатастырып отырғанын айтып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәуір айында Қытай Халық Республикасындағы форумда 55 жобаның іске асып жатқанын өзі айтқанын еске түсірді.

  • “Әкімдер халықты шатастырып отыр. Назарбаев 55 жобаның 15 жобасы бүгінгі күні іске асып қойғанын және 11 жобаның қазір жұмысы жүріп жатқанын өзі айтты”,- деді Д. Сәтпаев.

Қазақстанда қытай бизнесі жан-жақты қарқынды дамып келе жатқандығын айтқан саясаттанушы қазақ халқының Қытайға наразы болуының үш себебін атап өтті.

  • “Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан ғана Қытайға наразы көңіл-күйде. Соңғы бір-екі жылда Қырғызстанда да Шыңжаңдағы тәрбие лагерлеріне қатысты да біраз наразылықтар байқала бастады.  Ал Қазақстанда Қытайға қарсы наразы көңіл-күйде болуының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, қазақ халқының тарихи жады. Егер тарихты еске түсіретін болсақ, Қытай біздің елге достан гөрі дұшпан ретінде көбірек ықпал етті. Мысалға Жоңғар шапқыншылығын алып қараңыз, сол соғыстың кесірінен біз тіпті жер бетінен жойылып кете жаздадық. Сол жоңғарлардың артында Қытай империясы тұрды емес пе?! Жоңғарларды бізді құрту үшін пайдаланды. Сондықтан қазақтардың тарихи жадында Қытайларға наразылық әлі сақталған.

Екіншіден, қазақстандықтардың көбі билікке сенбейді. Қытаймен арадағы келісімшарттардың көбі Қазақстанның мүддесін қорғамайды деп есептейді. Ол келісімшарттардың көбі қоғамға жарияланбайды. Халықтың талабы Қазақстан мен Қытай арсындағы келісімшарттар Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғауы керек.

Егер басқа елдердің тәжірибелерін мысалға келтірер болсақ, мысалы Тәжікстан да Қытайға қарыз мемлекттердің бірі. Қазір көріп отырғанымыздай Қытай Тәжікстанға өте қауіпті тәжірибе жүргізіп отыр.  Тәжікстан қарыздарын өтей алмай қалған кезде Қытай ақшаның орнына активтер алып отыр. Кен орындарын алып отыр. Қытай мұндай тәжірибені бұған дейін де жүргізен. Ең алғаш Шри-Ланка Қытайға қарыздарын өтей алмай қалған кезде Қытай Шри-Ланканың ең ірі порттарының бірін алып қойған.

Қытайдың әр елдегі экономикалық саясаты ең алдымен өз мүддесін қорғайды, оны ештеңемен  салыстыруға келмейді.

Қытай бизнесінің Батыс бизнесінен бір ерекшелігі олар жемқорлық жағдайында жұмыс істей бере алады. Бұл жағдай белгілі бір жобаларды іске асыруға байланысты күдікті тіпті ұлғайтады.

Үшіншіден, Қытайдың өзі қоздырған Шыңжаңдағы тәрбие лагерлеріне қатысты наразылық. Себебі ол лагерлерде этникалық қазақтар бар. Сондықтан Қытайға наразы көңіл-күй ешқайда жоғалған жоқ, меніңше ол тіпті ұлғая береді.  Байқасаңыз Қазақстанда соңғы он-онбес жылда тұрақты түрде Қытайға байланысты мәлімдемелер шығып келеді. Естеріңізде болса бірнеше жыл бұрын Қазақстан мұнай-газ саласында қытайлардың санын азайту туралы талаптар болған. Сол сияқты түрлі наразылықтар артып келеді”, -дейді Досым Сәтпаев.

Қазақстанда Қытайдың иммиджін нашар деп бағалаған саясаттанушы Қытайға негативті көзқарастың қалыптасуына ішкі мәселелер де ықпал етуде деді. Мысалы, жемқорлық, билікке сенбеу, шенеуніктердің халыққа түсінікті тілмен мәселені жеткізе алмауы мен тіл табыса алмауы осыдай жағдайға әкеліп соқты деп отыр Досым Сәтбаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.