Назарбаев Қайрат Сатыбалдының сотына қатысты ойын айтты.

20 қараша, 2022 / Arasha.kz

Бүгін президент сайлауына дауыс беруге келген Нұрсұлтан Назарбаевтан
Азаттық тілшісі «немере ініңіз Қайрат Сатыбалдының соты әділ болды деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.

«Ол соттың шешімін әділ деп ойлау керек. Әділ болмаса, оған сенбеген адам қарсы болып, өзінің арызын беру керек. Сондықтан бәрібір қайда барғанда да мәселені сот жүйесі шешеді»,- деп жауап берді Назарбаев.

Бақылаушылар Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ықпалы әлсіреді деп санайды. Жыл басынан бері Назарбаевтың айналасындағы бірқатар лауазымды тұлғалар мен жақындары қызметтен кетіп, кейбірі қамалған. «Назарбаевтың адамы» саналатын Кәрім Мәсімов қаңтар басында «мемлекетке сатқындық жасады» және өзге де ауыр баптар айыпталып, қамауға алынды. 18 қарашада оның соты басталды. Мәсімовтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Қазан аяғында БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Астананы ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті «шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға» шақырған.

Биыл қыркүйекте Қазақстан соты Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бостандығынан айырып, мүліктерін тәркілеуге үкім еткен, кемінде енді он жылға дейін мемлекеттік қызметте істеуіне тыйым салған. Қайрат Сатыбалды сотта «кінәмді мойындаймын, өкінемін» деп мәлімдеген. Назарбаевтың немере інісінің үстінен басқа да айыптар бойынша тергеу жүріп жатыр.