Ақтөбеде ауызсуға зар болған ауыл тұрғындарының сайлауға баруға құлқы жоқ.

19 қараша, 2022 / Arasha.kz

Ақтөбе облысында ауызсуға зар боп отырған алыстағы ауыл халқы шарасыз күйде. Халық жауапсыз мердігер мекемеге талап қоя білмейтін жергілікті биліктің уәдесінен шаршаған.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының тұрғындары көмек сұрайды. Екі жыл бұрын басталған ауылға таза ауызсу тарту жұмыстары бітер емес. Мердігер компания елдімекен ішін қазып, желілерді толық жүргізбестен кетіп қалған. Құмсайлықтар жоспарлы түрде бюджеттен бөлінген жүздеген миллион теңгенің игерілуі бақылаусыз жатқанын айтып, ренішін білдірді.

«Өткен жылдан бері таза су күтіп отырмыз. Биыл екінші жыл қатарынан су тарту жұмыстарын бітпей қалды. Мердігер компания қазып кеткен жерлерді өзіміз көмуге әрекет жасадық. Себебі ауылымыздың көшелеріне қазылған шұңқырларға мал, бала түсіп кетті. Кеш батса көшеде жарық та жоқ, тас түнек. Аудан әкімі соңғы уәдесінде желтоқсан айында су жіберілетінін айтты. Бізді неге алдайды? Насос станциясы ашық-тесік жатыр. Оған әлі есік-терезе салынбаған. Бұл – жауапсыздық. Жақын арада сайлау болады. Біз кімді сайлаймыз? Сайлауға не деп барамыз. Бізге ешкім келмеді. Бір депутатты көрмедік. Ауылға келіп, жағдайымызды сұраған адам болмады», — дейді ашынған ауыл тұрғыны Жеткерген Сарин.

Мұғалжар ауданына қарасты Құмсай ауылында 634-ден аса тұрғын бар. Ауылға орталықтандырылған ауыз су жүйесін тарту бойынша 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Осы негізде аудан әкімдігі «Дәнекер» ЖШС-мен 361 миллион теңгеге келісімшарт жасайды. 2021 жылы бұл қаржының 227 миллион теңгесі игерілді. Кейін жұмыс тоқтап қалды. Ауыл халқы құрылысы толық аяқталмаған насос станциясының жағдайын видеомен көсетті.

«Бізді ешкім тексермейді. Не мынау? Қаншама ақшаға сатып алынған қондырғылар ашық-шашық жатыр. Елдің ақшасы. Үкіметтің бөлген ақшасын ешкім іздемей ме? Ертең сайлауға нендей үмітпен барамыз».- дейді тұрғын Жайылбек Аймағанбетов.

Аудан әкімдігі жұмысты уақытында аяқтамаған мердігер мекеменің үстінен сотқа сотқа арыз түскенін хабарлайды.

«Қазіргі таңда сот процесі жүруде. Биыл мердігер компания 1 маусымнан бастап, жұмысты жалғастыратындарын хабарлаған болатын. Алайда тиісті жұмыстар жүргізілмеді. Жалпы «Дәнекер» ЖШС-і еліміз бойынша 80 су объектісінің құрылыс жұмыстарын ұтып алған. 2021 жылы желтоқсан айында аяқталуы тиіс жұмыстар мердігер мекеменің салғырттығынан ауыспалы кезеңмен биылғы жылы аяқтауға қалдырылды. Қараша айының 18-і күні «Дәнекер» ЖШС-і өкілі Айтбай Айбол Ақтөбе қаласынан арнайы техникалар мен жұмысшыларын Құмсай ауылына жіберіп тиісті жұмыстарды жүргізетіндігін, жалпы жұмыстарды алдағы 20 күн аралығында толық аяқтайтындықтарын жеткізді. Жұмыстарды толық аяқтау қадағалауға алынды. Келісім шарт негізінде бұл жұмыстардың жоба бойынша талаптарға сәйкестігін, су құбырынының сапалығын арнайы техникалық қадағалаушы (технадзор) тексеретін болады»,- деп хабарлайды аудан әкімдігі.

Ауыл тұрғындары 2021 жылдың қарашасында пайдалануға берілуге тиіс су тарту жұмыстарының биыл аяқталатынына сенбейді.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе