Алматылық жас жігіт Алаш арыстары бейнеленген теңгенің нұсқасын әлеуметтік желіге жариялады.
Елдігіміз үшін күрескен қайраткерлердің бейнесіндегі теңгеміз анағұрлым мағыналы әрі тартымды көрінеді.
Мәселен, 500 теңгеде – бүкіл Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен Сұлтанбек Қожанұлы бейнеленген. Ал, 1000 теңгеде – алашордалық Міржақып Дулатұлы, 2000 теңгеде – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, 5000 теңгеде – Мұстафа Шоқай, 10 000 теңгеде – Кенесары хан, 20 000 теңгеден Алаш қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханды көруге болады.
Идея иесі алматылық Диас пен Әйгерім есімді жас жұбайлар. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында еліміздің тарихы мен салт-дәстүріне қатысты қызықты жобаларды бөлісіп отырады.
Жас жұбайлар Түркияға барған сапарында теңгемізге неге алашордалықтарды бейнелемеске деген ой келген. Өйткені Стамбұлда таксиге ақша төлегенде олардың 200 лирінде Мұстафа Кемаль Ататүрік бейнеленгенін көрген және бұл кім деген сұраққа такси жүргізушісі мүлдірместен жауап берген. Оның үстіне ақшада бейнеленген адамды ел тұрғындарының бәрі жақсы біледі.
«Таксист бізден ұлттық теңгемізді сұрады, өкінішке қарай қолымызда теңге болмады. Оның үстіне теңгемізде абстрактылы суреттер бейнеленген. Иә, дизайны өте әдемі, бірақ ешқандай мағынасы жоқ. Егер ақшамызда қоғам қайраткерлері бейнеленгенде мен ондағы адамдар, олардың мемлекетке сіңірген еңбегі жайлы баяндап берер едім. Сайып келгенде банкноттар еліміздің тарихы мен ұлы тұлғаларымызды таныстырушы ғой. Бұрын 100 теңгеде Абылай хан, 200 теңгеде әл-Фараби бейнеленгенін білемін, осылайша теңгеге ұлы адамдарды бейнелесем деген идея келді», — дейді Диас.