Қанша қазақстандық Ресей азаматымен некелескені белгілі болды.

15 қараша, 2022 / Arasha.kz

Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаменті қазақстандықтардың Ресей азаматтарымен қанша неке қиғанын мәлімдеді.

«АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында 2022 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының азаматтары арасында 485 неке қиылды», — делінген хабарламада.

Tengrinews.kz агенттігінің мәліметінше, бұл деректер былтырғыдан айтарлықтай ерекшеленбейді. 2021 жылдың қыркүйек-қазан айларында қазақстандықтар ресейліктермен 494 неке қиған.

Осы кезеңде ең көп неке Алматы — 94 (2021 жыл — 75), Астана — 51 (2021 жыл — 46) және Қарағанды облысында — 45 (2021 жыл — 49) қиылған.

Некеге тұрған адамдардың орташа жасы ерлерде 26-29 жас, әйелдерде 23-28 жас.

«Талдау көрсеткендей, соңғы жылы Қазақстан мен Ресей азаматтары арасында тіркелген некелер санының 14 пайызға төмендеуі байқалады. Мәселен, 2021 жылдың 10 айында 2153 неке, 2022 жылдың 10 айында 1851 неке қиылды», – деп толықтырды ведомствода.