Жануарларды азаптаған қазақстандықтар бас бостандығынан айрылады.

27 қазан, 2021 / Arasha.kz
Парламент мәжілісі жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев үй жануарын азаптағандарға қандай жаза қолданылатынын айтты.

Қылмыстық кодекстің 316-бабы үш бөлікке бөлінген:

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Әкімшілік кодекстің 408-бабында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау, серуендету, аулау және жою ережелерін бұзғаны үшін 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Бірақ жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жеке бап жоқ.

«Осыған байланысты, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жануарларға қатыгездікпен қарау, үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру қағидаларын бұзу бойынша өзгерістер енгізілді», — деді Брекешев мәжіліс отырысында.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасының 407-1 бабында жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жеке тұлғаларға 5-тен 20 АЕК-ке дейін (14 585 теңгеден 58 340 теңгеге дейін), лауазымды тұлғаларға 10-нан 40 АЕК-ке дейін (29 170 теңгеден 116 680 теңгеге дейін) айыппұл көзделген.

407-2-баптың ұсынылған редакциясында үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін (29 170 теңгеден 58 340 теңгеге дейін), лауазымды тұлғаларға 20-дан 30 АЕК-ке дейін (58 340 теңгеден 87 510 теңгеге дейін), заңды тұлғаларға 30-дан 40 АЕК-ке дейін (87 510 теңгеден 116 680 теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған.

Брекешев заң жобасын әзірлеу барысында айыппұл мөлшерін анықтау бойынша халықаралық тәжірибе ескерілгенін атап өтті. Мәселен, айтуынша, Германияда жануарларды серуендету тәртібін бұзғаны үшін 68 еуро немесе 33 мың теңге, ал Ресейде 15 мың теңге айыппұл салынады.

«Бүгін сіздердің назарыңызға ұсынылған заң жобасы жануарларға қатысты жағымсыз көріністер, атап айтқанда иттерді төбелестіру, анестезиясыз ветеринариялық операциялар жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды әлсірету және оларға уақытылы көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулау әрекеттеріне тосқауыл қояды», — деді Брекешев.

Мәжіліс депутаттары жануарларды қорғауға қатысты негізгі заң мен оған ілеспе екі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.