01-11-19 | 12:42
Қазақстанның 11 қаласындағы әуежай “ашық аспан” режиміне көшті.
Қазақстанның 11 қаласындағы әуежай “ашық аспан” режиміне көшті

Қазақстанның 11  қаласының әуежайында “ашық аспан” режимі енгізілді деп хабарлайды азаматтық авиация комитеті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстер санына шектеулерді алып тастауды және  шетелдік әуе компанияларына қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша 5-ші “әуе еркіндігін” ұсынуды көздейтін “ашық аспан” тәртібі енгізілді. “Ашық аспан” режимі одан әрі ұзарту мүмкіндігімен 3 жыл бойы жұмыс істейтін болады.

Қазақстанда “ашық аспан” тәртібін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, бәсекелестікті арттыруға ықпал ететін болады. Бұл әуе билеттері құнының төмендеуіне және халықтың басым бөлігі үшін әуе көлігінің қол жетімділігіне, сондай-ақ туризмді дамытуға және “Астана” Халықаралық қаржы орталығының көліктік қол жетімділігінің артуына ықпал етеді.

5-ші әуе еркіндігі бар ұшулар шетелдік әуе компаниялардың Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдердің қалаларына ұшуын білдіреді, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және отандық әуежайлар арқылы транзиттік жолаушылар ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті “ашық аспан” режимін енгізу тапсырмасын берген сәттен бастап, келесі шаралар қабылданды:
– Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүргізілді, нәтижесінде “SalamAir” әуе компаниясы келесі жылы Маскаттан Алматыға рейстерді бастауды жоспарлап отыр;
– “Эйр Астана” әуе компаниясы 2020 жылдың І тоқсанында Жиддәға аптасына 3 рет жиілікпен рейстер ашуды жоспарлап отыр, SCAT әуе компаниясы ағымдағы жылдың 30 қарашасынан бастап аптасына 2 рет жиілікпен Жиддә мен Мединаға рейстерді бастауды жоспарлап отыр;
– 22-24 қазанда Азиядағы ең ірі лоукост “Air Asia” тасымалдаушысымен және жаһандық “Singapore Airlines” тасымалдаушысымен келіссөздер жүргізілді;
– “Уральские авиалинии” әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілді, ағымдағы жылдың 22 желтоқсанында Екатеринбург-Алматы бағыты бойынша рейс ашылады;
– Fly Arystan әуе компаниясы 2019 жылдың 13 желтоқсанынан бастап Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағыты бойынша күнділікті әуе рейстерін орындауды бастайды;
– LOT әуе компаниясымен келіссөздер жүргізілді, Польша әуе компаниясы Варшавадан Нұр-Сұлтанға 2020 жылдың жазынан рейстер санын аптасына 7 рейске дейін ұлғайтады және 2021 жылдан бастап Алматыға рейстер ашады.

Жақын арада жаңа әуе қатынастарын ашу үшін Катар авиациялық билігімен “Qatar Airways” әуе компаниясының, Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билігімен “Emirates”, “Fly Dubai” және басқа да елдердің әуе компанияларының ұшуы бойынша кездесулер өтеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.