Ақмола облысында су құбырын монтаждау кезінде екі жұмысшы қаза тапты.

7 шілде, 2025 / Arasha.kz

Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында су құбыры желісінде монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде екі жұмысшы қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді.

«2025 жылғы 6 шілдеде Целиноград ауданының Қараөткел ауылында су құбыры желісін монтаждау жұмыстары кезінде апат орын алды. Екі жұмысшы қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға жатқызылды», – деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Полиция департаменті жұмыс берушілерге: жұмысшыларға қауіпсіздік техникасы бойынша тұрақты нұсқама өткізуге, жеке қорғаныс құралдарының қолданылуын бақылауға, сондай-ақ жұмыс үдерісін ұйымдастыруда анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға шақырады», – делінген полиция департаменті мәлімдемесінде.