Нетаньяху Трампты Нобель сыйлығына ұсынды.

7 шілде, 2025 / Arasha.kz

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың президенті Дональд Трампты Нобель сыйлығына ұсынды. Бұл туралы ол Вашингтондағы мемлекеттік кешкі ас кезінде жария етті. Нетаньяху Трампқа осы ұсыныс туралы Нобель комитетіне жолдаған хатының көшірмесін табыстады.

Ол Трамптың түрлі аймақтарда бейбітшілік орнатуға үлес қосып жатқанын атап өтті.

Сол кеште журналистер Газа секторындағы атысты тоқтату туралы сұрағанда, Трамп келіссөздер жақсы жүріп жатқанын айтты. ХАМАС 60 күндік уақытша бітім ұсынысына оң көзқарас білдіріп, Израильмен тұтқын алмасуға дайын екенін жеткізді. Дегенмен, тараптар бірқатар шарттар бойынша келісе алмай жатыр.

Бұған дейін де Трамптың қатысуымен Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Иран арасында атысты тоқтату туралы уағдаластықтар болған. Осы әрекеттері үшін Пәкістан да Трампты Нобель сыйлығына ұсынған еді.

Алайда Трамп өзінің Truth Social парақшасында бұл сыйлықты либералдар ғана алатынын айтып, өзі оны иеленбейтін шығар деп пікір білдірді.