Қазақстанда ветеринарлық құжатсыз ет пен мал сату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мал және ет өнімдерінің айналымын бақылауды күшейту қажет. Ол үшін ет пен тірі малды тиісті ветеринарлық құжаттарсыз сатқандарды жауапқа тарту тетігін заңмен бекіту ұсынылып отыр.
"Бұл бастама – өнім қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, малды тіркеу мен олардың қозғалысын бақылауда цифрлық ИСЖ жүйесі арқылы тиімді қадағалауға мүмкіндік береді", – деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елде ветеринарлық бақылау жүйесін цифрландыру белсенді жүріп жатыр. Соған қарамастан, базарларда құжатсыз сатылатын ет көлемі әлі де аз емес.
Сарапшылар бұл қадам өнімнің сапасын арттырып, азаматтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді деп отыр. Ал жаңа заңнамалық өзгерістер қабылданған жағдайда, ет сату нарығына қатысушылардан қатаң есеп пен тәртіп талап етілмек.