Пауэрлифтингтен әлем чемпионатының жүлдегері және Азия чемпионы Сергей Веселов Сауд Арабиясында ұсталды. Бұл туралы «За вами уже выехали Telegram-арнасы» хабарлады.
«Құқық қорғау органдары ұстаған. Қазіргі уақытта ол Мединеде. Әзірге оған ресми айып тағылған жоқ. Толығырақ мән-жайды анықтап жатырмыз», – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі сәрсенбі күні.
Сергей Веселовтың әкесінің айтуынша, ұлы 19 маусымда Астанадан Стамбулға демалуға ұшып кеткен. Сол күннен бастап бір апта бойы туыстарымен байланыста болған, кейін хабар-ошарсыз кеткен. Іздестіре бастаған әкесі ұлының Мединеде екенін анықтаған. Оның не үшін сонда барғаны туыстарына белгісіз.
«Қазіргі уақытта оның тірі екенін білдік. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ қай учаскеде отырғанын және қандай бап бойынша айып тағылғанын бізге айтпай отыр. Консулдың айтуынша, уақыт керек. Ұлым, консулдың сөзіне қарағанда, Сауд Арабиясында, Мединеде», – деді жоғалған азаматтың әкесі.
19 жастағы Сергей Веселов – ШҚО-ның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен әлем чемпионатының жүлдегері және Азия чемпионы.