БҰҰ-ның Еркінен тыс қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы 2014 жылы Гүлнар Каримованың тұтқындалуы заңсыз болғанын және бұл жағдайда оның құқықтарының өрескел бұзылғанын мәлімдеді.
Жарияланған құжатта Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы ешқандай ордерсіз үйқамаққа алынғаны, оқшауланғаны және тиісті сот процесінсіз ұсталғаны жазылған. Тіпті сот отырыстарының бірі оның үйінің асханасында өткен.
БҰҰ бұл жағдайды Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің бұзылуы ретінде бағалап отыр. Өзбекстан билігі бұл тұжырыммен келіспесе де, БҰҰ моральдық зиянның өтемақысын төлеуді және бейтарап тергеу жүргізуді талап етуде.
Айта кетейік, Гүлнар Каримова әлі де халықаралық қылмыстық істер бойынша айыпталушылар қатарында. Оған телекоммуникациялық компаниялардан түскен жүздеген миллион долларды заңсыз иемденіп, ақшаны жылыстату секілді ауқымды жемқорлық әрекеттері тағылып отыр. Өзбекстанның Бас прокуратурасы оның әрекетінен келген шығынды 1,6 миллиард доллардан асады деп бағалаған.
Бұрын Гүлнар Каримова Өзбекстандағы ең жарқын әрі көп талқыланған тұлғалардың бірі болған. Елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы дипломатия, шоу-бизнес пен сән саласын ұштастырған мансап құрды. Ол Googoosha деген лақап атпен ән шығарып, GULI брендін ашқан, Милан мен Нью-Йоркте сән көрсетілімдерін ұйымдастырып, Жерар Депардьемен де ынтымақтастық орнатқан.