«Ресей, үніңді өшір!». Ереванда белсенділер ресейлік телеарналарды жабуды талап етті (Видео)

10 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
Видеодан скрин

9 шілде күні Арменияның Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрлігі ғимаратының алдында ресейлік телеарналарды қоғамдық мультиплекстен және кабельдік желілерден алып тастауды талап еткен наразылық акциясы өтті.

«Республика үшін» партиясының төрағасы Арман Бабаджанян кез келген шетелдік телеарналардың мультиплексте көрсетілуіне қарсы екенін білдіріп, Арменияның қолданыстағы заңнамасы ресейлік арналарға да трансляцияны тоқтатуға мүмкіндік беретінін атап өтті, - деп хабарлады армян БАҚ-тары.

Оның айтуынша, бұл арналар эфирінде Арменияны қорлайтын мәлімдемелер жиі айтылады, ал Ресейдің ақпараттық саясаты армян мемлекеттілігін әлсіретуге бағытталған.

Партия төрағасының орынбасары Рубен Меграбян да «Sputnik Армения» агенттігінің жұмысын тоқтатуға шақырды.

Осыған ұқсас пікірді Ванадзордағы Хельсинки Азаматтық ассамблеясы кеңсесінің басшысы Артур Сакунц та білдірді. Ол ресейлік телеарналар Арменияның қауіпсіздігіне қатер төндіретін контент тарататынын айтты.

Наразылыққа қатысушылар «Жау арналарына жол жоқ», «Ресейдің өшпенділік тіліне жол жоқ», «Ресейлік үгіт-насихатқа жол жоқ», «Ресейдің уына жол жоқ», «Ресей, үніңді өшір!» деген жазуы бар плакаттар ұстап, антиресейлік ұрандар айтты.
 

Тэгтер:

армения белсенділер Ереван Ресей телеарналары Sputnik Армени