Нарықтың кәсіби қатысушылары алдағы бір жылда доллар бағамының өсуін, инфляцияның баяулауын және базалық мөлшерлеменің төмендеуін күтуде.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының аналитикалық орталығы қаржы нарығы қатысушылары арасында жүргізілген сауалнама негізінде жаңа макроэкономикалық шолу жариялады. Инфляция мен ЖІӨ бойынша болжамдар – оптимистік, ал теңге бағамы мен мұнай бағасына қатысты – онша жақсы емес.
«Сарапшылардың 83%-ы 11 шілдеде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде – 16,75%-да сақтайды деп күтеді. Қалған 17%-ы оның сәл көтеріліп, 17%-ға дейін жетуін де мүмкін деп санайды. Бір жылдық болжам бойынша мөлшерлеме инфляциялық қысымның әлсіреуіне байланысты 14,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін», – делінген шолуда.
Жылдық инфляция бойынша болжам 11,1%-дан 10,4%-ға төмендеді. Бұл қатаң ақша-несие саясатының, тарифтік шешімдердің уақытша әсерінің, тұтынушылық несие беру мен өтімділікті басқару салаларындағы күшейтілетін реттеудің нәтижесі ретінде түсіндіріліп отыр.
Консенсус-болжамға сәйкес, доллар бағамы өсе береді — тамыз айында 1 доллар 523,4 теңге, жыл соңына қарай 548,5 теңгеге жетуі мүмкін.
Бұл сыртқы сауда балансының нашарлауы мен экспорттық бағалардың тұрақсыздығымен байланыстырылады. Сонымен қатар, АҚШ-та бұрғылау белсенділігі баяулағанына қарамастан, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 67,1 долларға дейін түсуі мүмкін.
Кейбір сарапшылар төртінші тоқсанда мұнай бағасы жалпы 60 долларға дейін төмендейді деп санайды.
2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжам жақсарды — 4,5%-ға жетуі мүмкін. Нарық қатысушылары шикізат өндіру көлемінің артуы мен мемлекеттің қатысуымен инфрақұрылымдық инвестициялық жобалардың жүзеге асуын күтуде.
Айта кетейік, маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 11,8%-ға жетіп, өсуін жалғастырды.