Үйімізді сүрмесін: Алматыдағы Өжет шағынауданының тұрғындары наразылықтарын білдірді

10 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Раушан Нүсупова

Алматы қаласының Алатау ауданындағы Өжет шағынауданының тұрғындары көшені кеңейту және автожол салу жобаларына байланысты үйлерінің сүрілу қаупіне байланысты алаңдаушылық білдіруде.  Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

«Біз, Өжет шағынауданының тұрғындары, мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығымызды пайдалана отырып, бүкіл Қазақстанға үндеу жолдаймыз: біздің жекеменшікке құқығымыз бен баспанамыздың қол сұғылмаушылығы бұзылып отыр! Бізбен, яғни үйлер мен жер телімдерінің заңды иелерімен ешкім ақылдаспастан, Тілендиев көшесін және автожол бағыттарын жүргізу жобаларына байланысты Өжетте 120-дан астам жеке меншік аумақтағы үйлерді бұзбақшы. Біз тек Алматы қаласы әкімдігінің әрекетіне қарсы болмайтын, сонымен қатар екі жоспарланған жолды біріктіретін әлдеқайда тиімді, экологиялық және үнемді балама нұсқаны ұсынамыз. Бұл нұсқа арқылы үйлеріміз бен шаруашылықтарымызды толық сақтап қалуға болады», – делінген Өжет тұрғындарының Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға жолдаған үндеуінде.

Тұрғындар өз келіспеушіліктерін бүгін Өжет шағынауданында өткен кездесуде білдірді. Кездесуге ондаған адам жиналды. Олар балама шешім ретінде Дархан шағынауданындағы Мұғалжар көшесінің соңына дейін жол салуды, жолды Өжетке бұрмай жүргізуді ұсынды.

«Одан әрі Ащыбұлақ пен Тереңқара өзендерінің суайрығы арқылы шағын көпір салып, Ащыбұлақ өзенінен өтуге болады. Сол арқылы Бурундай тас жолына шығуға мүмкіндік туады. Ал Бурундай жолы жоспарланған екі негізгі бағытқа апарады — Тілендиев көшесіне (БАКАД бағытымен) және екінші жол – "Алматы-3" теміржол вокзалына шығатын бағыт», – дейді тұрғындар өз үндеулерінде.

Айта кетейік, өткен жылы да Өжет тұрғындары биліктің үйлерді сүру жоспарына қарсы шыққан болатын. Олар Тілендиев көшесін кеңейту жобасын қайта қарауды сұраған. Ол кезде Алматы билігі қолайлы көлік жүйесін құру үшін қала бас жоспарына жеке сектор арқылы өтетін көшелерді кеңейту шаралары енгізілгенін мәлімдеген. Алайда қандай үйлер сүрілетіні және олардың саны нақты көрсетілмеген болатын.
 

Тэгтер:

алматы баспана әкімдік сүру Өжет