ҚазҰУ жалақыны неге кешіктіріп береді? – оқытушының жанайғайы

11 шілде, 2025 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы аноним түрде редакцияға шағымданып, университет ішіндегі жағдайды ашық баяндап берді. Қысқаша ғана жазылған бұл шағын жазбада білім беру саласындағы жүйелі мәселелердің беті ашылған.

Оқытушының айтуынша, 1,5 жүктемемен жұмыс істейтін мұғалімнің орташа айлығы – небәрі 300 000 теңге. Бұл – жоғары білімді, тәжірибелі, толық жұмыс күні бар адам үшін тым төмен көрсеткіш. "Бұл – өте қарапайым жалақы. Әсіресе жалдау ақысы, несие, бала-шаға барын ескерсек, ешқандай қаржылық тұрақтылық жоқ", – дейді ол.

Жалақы төлемдері жиі 5-інен кейін түседі екен. "Осы күнге дейін ешкім оны уақтылы күтіп отырмайды. Себебі кешігіп келетін жағдай үйреншіктіге айналған", – дейді оқытушы.

Мысал ретінде, шілденің 5-інен басталған еңбек демалысы үшін қаражат шілденің 10-ы күніне дейін түспеген. Еске сала кетейік, Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, еңбек демалысы басталмас бұрын 5 күннен кешіктірмей ақысы төленуі тиіс.

Оқытушының жазуынша, жыл бойына алған максималды сыйақы 25 000 теңге – 8 наурыз мерекесіне арналған. Бір рет жоғары рейтинг көрсеткені үшін 100 000 теңге берілген. Ал 13-жалақы мен жыл соңындағы бонус деген түсінік атымен жоқ.

Анонимді келген хаттың скрині. Фото: Qumash телеграм арнасынан алынды.

Оқытушылар кәсіподағы (профсоюз) қағаз жүзінде ғана бар. Шипажай жолдамалары тек ақылы, балаларға жаңа жылда берілетін сыйлықтар – ең арзан кәмпиттерден құралған. Бұл, оқытушының сөзімен айтқанда, "қамқорлық емес, келеке етіп тұрғандай әсер қалдырады".

Оқу ғимаратындағы белгілі бір аймақта (доғаның астында) бірнеше жылдан бері кафель немесе баспалдақ салынбаған. Жаңбыр жауса, тобыққа дейін су жиналып, ол аяқ киім мен киімге шашырайды. Қыста бұл мұзға айналып, жүріп-тұруға қауіп төндіреді.

Қыста аудиторияларда суық, жазда – ыстық. Желдету жүйесі жоқтың қасы.

Мебель ескірген, тақталар тозған, техниканың жартысы істемейді.

Кей аудиторияларда әлі күнге дейін проектор жоқ. Мұғалімдер жеке ноутбук не телефондарын пайдалануға мәжбүр.

Әжетханалар нашар жағдайда: есіктер жабылмайды.

Редакция ескертпесі: Жоғарыдағы ақпарат анонимді түрде алынған. 

Тэгтер:

білім проблема жалақы ҚазҰУ университет оқытушы