Көкшетаулық депутат 850 млн теңгенің тендерін қалай ұтты?

11 шілде, 2025 / Қайсар Қалам

Көкшетау қалалық мәслихат депутаты Рүстем Тұржанов тротуарларды жөндеуге 850 млн теңгеге жуық қаражат алған. Депутат болып сайланғаннан кейін оның мемлекеттік келісімшарттарының көлемі 40 есеге өскен. Бұл жағдай Көкшетау қаласының әкімі Күмпекеевпен және тендерлік схемалармен қалай байланысты — Arasha.kz жүргізген зерттеуде.

2025 жылдың маусым айында Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласында тротуар салуға ауқымды тендерлер өткізілді. Екі келісімшарттың жалпы құны шамамен 850 миллион теңге. Екі лоттың да жеңімпазы – Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Рүстем Ерікұлына тиесілі «БУКА» ЖШС-і.

Тротуар жөндеу бойынша өткізілген №79150745-ОК1 және №79150843-ОК1 лоттары Қуанышев, Сәтпаев, Жұмабаев, Домбыралы, Шаңырақ және басқа да көшелерге қатысты. Тапсырыс беруші — Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы - ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Бұл құрылымды әкім Әнуар Күмпекеев басқарады. Жақында бұл әкімнің аппараты кеңесші Айым Турапекованың жалған өмірбаянына байланысты дауға іліккен болатын.

«БУКА»-ның шарықтауы: 300 млн-нан 17 миллиардқа дейін

2023 жылы Тұржанов депутат болғаннан кейін «БУКА» ЖШС-нің мемлекеттік келісімшарт көлемі 40 есеге артқан: 2024 жылы 444 млн теңге болса, 2025 жылы 17,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражаттың жартысына жуығы бір көзден сатып алу тәсілі арқылы алынған.

Негізгі тапсырыс берушілер — Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен ТКШ басқармалары. Игерілген 20 млрд теңгенің 9 миллиарды осы екі өңірге тиесілі.


Мүдделер қайшылығы ма?

Рүстем Ерікұлы Тұржанов — жай ғана кәсіпкер емес, қоғамға белгілі тұлға: бірнеше компанияны, оның ішінде «Энерго Пром Компани» ЖШС мен «Энерго Пром Техно» ЖШС-ін басқаратын мәслихат депутаты. Сонымен қатар, ол туған қаласындағы әкімдіктен тендер алатын «БУКА» компаниясының негізгі иесі болып табылады. Заң жүзінде депутаттардың тендерге қатысуына тыйым салынбағанымен, жергілікті деңгейде бұл жағдай бюджетті өз адамдары" арасында қайта бөлудің жүйесі сияқты көрінеді.

Тендерге қатысқан екінші үміткер — «Серік бизнес құрылыс» ЖШС — қосымша сұрақтар туындатады. Бұл компания үнемі миллиондаған теңгелік лоттарда «БУКА»-дан жеңіліп қалады. Бұл тендерлік сөз байласудың белгілерін яғни, жалған бәсекелестікті болуы ықтимал.

Сұрақтар жауапсыз қалуда

Әлеуметтік желілердегі қала тұрғындары орынды сұрақтар қойып жатыр: неге тротуарлар жақында ғана жөнделген көшелерде қайта жаңартылып жатыр? Мердігерлер қалай таңдалады және неге үнемі депутатпен тығыз байланысы бар компания жеңіп шығады? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ. Бірақ сандар бәрін айтып тұр.
 

Тэгтер:

депутат тендер көкшетау Рүстем Тұржанов БУКА