Орал қаласында құмар ойындарға қатысқаны үшін 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 16-сы атқарып отырған қызметінен босатылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге, соның ішінде онлайн түрлеріне қатысуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу болып саналады. Орал қаласының прокуратурасы осы нормалардың сақталуына талдау жүргізді. (...) Талдау нәтижесінде қала прокуратурасы Орал қаласы әкімдігіне, мемлекеттік кірістер басқармасына және Батыс Қазақстан облысы полиция департаментіне қадағалау актілерін енгізді. Қарау нәтижесі бойынша 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 16-сы қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, құмар ойындарға букмекерлік кеңселер арқылы Орал қаласы әкімдігі, мемлекеттік кірістер басқармасы және полиция қызметкерлерінің кейбірі қатысқан.
Мәселен, «OLIMPBET» ЖШС деректері бойынша, Орал әкімдігі қызметкері 2021 жылғы 5 маусым мен 2025 жылғы 22 қаңтар аралығында өзінің ойын шотына 34 миллион теңгеден астам ақша салған. Заң өзгерістері күшіне енгеннен кейін де ол 1,7 миллион теңге салып, оның 971 мың теңгесін ұтылып қалған. Анықталған деректерге байланысты бұл қызметкер жұмысынан босатылды.