Павлодарда нөсер су құбырларын тазалау кезінде жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Еңбекті қорғау ережелерін бұзу арқылы абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Хабарламаға сәйкес, 12 шілде күні таңертең Н. Назарбаев даңғылы, 17/1 мекенжайында орналасқан нысанда ЖШС қызметкері нөсерден кейін су құбырларын тазалау кезінде басынан жарақат алған. Оның басында қорғаныс каскасы болмаған. Алған жарақатынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.