Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы төрағасы Талғат Татубаев азаптау фактілері бойынша қозғалған іс аясында екі айға қамауға алынды, деп хабарлады ҚазТАГ.
«Өткен сенбі күні Татубаев тергеу барысында екі айға қамауға алынды. Сондай-ақ “Қорғас ісі” бойынша тергеуші болған Бауыржан Мұжықов та дәл осындай мерзімге қамауға алынды», – деп мәлім етті КазТАГ агенттігіне ақпарат берген дереккөз.
Қазір бұл іс бойынша Бас прокуратураның баспасөз қызметінен ресми түсініктеме сұралған.
Айта кетейік, азаптау дерегі бойынша бұған дейін ұсталған Татубаев бұрынғы бас прокурор, сондай-ақ Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы агенттіктің (Қаржы полициясы) экс-басшысы Қайрат Қожамжаровтың сенімді серіктесі саналады.