Туризм және спорт министрлігінің жанындағы Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетінің төрағасы Әділет Турғанбаев елімізде енгізіліп жатқан Бәс тігулердің бірыңғай есеп жүйесі (БЕЖ) туралы айтып берді, деп жазды Zakon.kz.
Бұл жүйе 2024 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – бәс тігуге тек заңды құқығы бар азаматтарды ғана жіберу, сондай-ақ бүкіл бәс тігу тарихын тіркеп отыру.
Жүйенің үш негізгі бағыты бар:
Әлеуметтік осал азаматтарға бәс тігуге тыйым салу (мысалы, борышкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, әскери және арнайы орган қызметкерлері).
Жалған букмекерлік сайттарды анықтап, оларды бұғаттау. Жүйе күн сайын 1000-ға дейін сайтты бұғаттай алады.
Ойыншылардың құқықтарын қорғау, яғни, нақты бәс тігулердің тарихы арқылы дау туындаған жағдайда әділ шешім қабылдау.
Жүйе сондай-ақ:
Жеке тұлғаның бәс тігу жиілігі мен сипатын талдап, тәуелділік белгілерін анықтайды;
Қажет болған жағдайда уақытша шектеу қоя алады;
Ойыншыға өзіне айлық лимит орнатуға мүмкіндік береді;
Қауіп белгілері байқалған жағдайда, психологиялық көмекке жүгінуді ұсынады.
Әділет Турғанбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 2,5 млн адам ресми түрде букмекерлік жүйеде тіркелген, оның ішінде 450 мыңға жуығы тұрақты түрде ойнайды. Сонымен бірге 500 мыңға жуық адам заңсыз букмекерлік сайттарды қолданады – бұл қаржы офшорға кетіп, салық төленбейді деген сөз.
Жаңа жүйе енгізілсе, мемлекет бәс тігулерді нақты бақылай алады, азаматтардың құқықтарын қорғайды және игорлық тәуелділіктің алдын алады.
Айта кетейік, 14 шілдеде Бас прокуратура лудомания салдарынан қызметінен айырылған шенеунік туралы да мәлімет берді. Бұл да жүйенің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.