Спорт туралы жаңа заң не үшін қабылданды? Бюджет қысқартылуы тиіс еді, бірақ мемлекет бәрібір 120-дан аса спорт түрін қаржыландырып жатыр – вице-министр растады
2024 жылы қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң аясында мемлекеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін қысқарту көзделген еді. Яғни, бұрын 184 бағытқа бөлініп келген бюджет енді тек 67 спорт түріне жұмсалады деп жоспарланған. Бұл шешім Олимпиада, Паралимпиада, Сурдолимпиада және Азия ойындары бағдарламасына кіретін негізгі бағыттарды қолдауға бағытталған болатын.
Алайда, мемлекеттік қаржыландыру қысқара қоймады. Кеше Мәдениет және спорт вице-министрі спорт түрлері 120-дан асып кеткенін растады. Бұл тізімде қысқартылуы тиіс болған ондаған спорт түрі қайта оралып, бюджеттен қаржы алып отыр.
Журналист Аслан Қаженовтың айтуынша, бұл жағдай заңның нақты орындалмағанын көрсетеді.
"Федерация басшыларына бәрі өзгеріссіз қалғаны жақсы. Ешкім мемлекеттің мойнынан түскісі келмейді. Бірақ мемлекет те қажып бітті", – дейді ол.
Қаженовтің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын шамамен 775 миллион долларды спортқа жұмсайды. Алайда нақты нәтиже жоқ, жүйе де оңалмай отыр. Бұл қаржы барлық спортшы мен бапкерге жетпейді, шығындар нақты қайда кетіп жатқанын білу – халықтың құқығы.
Спорт саласындағы ашықтықты талап еткен журналист федерациялар тізімін жариялауды сұрады. Сонымен қатар, депутаттардан заңның орындалуын бақылауға алуды және үнсіз қалмауды сұрады.
Қырғызстан мен Өзбекстан үлгісі ретінде көрсетіліп отыр: көрші елдер тек 7 және 17 спорт түріне ғана басымдық береді, ал Қазақстанда әлі де 120-дан аса спорт бағытына қаржы бөлініп жатыр.
"Не істейміз? Жаңа заң қайда қалды?" – деген сауал қоғамдық резонанс тудырды.