Прокурор: Перизат Қайрат жиналған қаржыны толығымен жымқырған

Бүгін, 14:48 / Қайсар Қалам
Фото: Ольга Ибраева

2024 жылдың сәуірінде елдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қаражатқа байланысты Перизат Қайраттың әрекеттері туралы қаржылық мәліметтерді прокурор Арман Кезекен сот отырысында жария етті.

Прокурордың айтуынша:
«Төтенше жағдай салдарынан елде хаос пен эмоциялар күшейіп, адамдарды алдау оңай болатынын түсінген Қайрат пен Алашбаева алдын ала сөз байласып, алаяқтық жолымен топ болып қаржы жымқыруды көздеген».

Тергеу деректері бойынша:

31 наурызда Қайрат әлеуметтік желідегі парақшасына су басқан аймақтардан видео жариялап, "Biz Birgemiz" қоры зардап шеккендерге көмек көрсетті деп мәлімдеген.

1 сәуірде ол Kaspi Bank басшылығы 100 млн теңге аударды деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, Kaspi Bank-тің 620 млн теңгесі қорға тек 8 сәуірде, яғни Қайрат жалған қайырымдылық хаттарын жібергеннен кейін ғана түскен.

2 сәуірде Jusan Bank тарапынан қорға 300 млн теңге аударылған.

5 сәуірде Қайрат арнайы цинизммен әлеуметтік желіге «Халықтан жеке-жеке жинамаңыздар. Biz Birgemiz қоры Kaspi арқылы ресми жұмыс істейді» деген жазба жариялаған.

Тергеу мәліметі бойынша, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен Перизат Қайрат барлығы 2 млрд 860 млн 047 мың 926 теңге жинап, бұл қаражаттың барлығын толықтай жымқырған.

Сондай-ақ, Қайрат бұл әрекетін бүркемелеу, өз беделін сақтап қалу және қоғам алдындағы «қайырымдылық» бейнесін жасау үшін қаражаттың бір бөлігін нақты көмекке жұмсағандай көрсеткен.

Қаражатты заңдастыру үшін Перизат Қайрат бірнеше жеке кәсіпкерді тартып, ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған. Сонымен қатар, кейбір мүлікті анасының және туыстарының атына рәсімдеген.
 

Тэгтер:

сот прокурор Перизат Қайрат бізбіргеміз