Талғат Ермегияевтің мерзімінен бұрын босату өтініші қанағаттандырылмады

Бүгін, 16:14 / Қайсар Қалам

2025 жылғы 14 шілдеде Алатау қалалық сотында «Астана ЭКСПО‑2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы іс қаралды. 


Процесс аралас форматта өтті. Ермегияев пен прокурор Саин Сұлтан сотқа бейнебайланыс арқылы қосылды. Істі судья Мақсат Әмірқұлов қарады, деп жазды Ulysmedia.kz.  


Адвокаттар Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына барлық заңды негіздері бар екенін алға тартты. Атап айтқанда, тек жағымды мінездеме мен 935 миллион теңге көлеміндегі шығынның бір бөлігінің өтелуі.


«Негізгі уәж – Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес өтеу мерзімі, залалдың ішінара өтелуі және жағымды мінездемелер. Ол тәртіптіліктің үшінші дәрежесіне ие»,  дейді адвокат Анар Құсайынова.


Судья қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

«Сот ҚПК-нің 72, 476, 478-баптарына сүйене отырып, сотталған Талғат Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға қаулы етеді», — деді судья.

Адвокат Анар Құсайынова бұл істің «саяси реңкі бар» екенін айтып, шешімге келіспейтінін мәлімдеді. Қорғаушылар бұл шешімді шағымдану арқылы бұзуға ниетті.

«Біз бұл шешіммен мүлдем келіспейміз. Ол қорғау тарапы мен мекеме әкімшілігі ұсынған іспен байланысты материалдарға негізделмеген деп есептейміз. Біз бұл заңсыз шешімге шағым түсіреміз», - дейді адвокат.


2015 жылдың маусымында Талғат Ермегияев ЭКСПО басшылығынан босатылды. Ал 2016 жылдың маусымында ол аса ірі көлемде пара алу және мемлекет қаржысын жымқыру айыбы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға қатаң режимдегі колонияға мүлікті тәркілеумен сотталған.
 

Тэгтер:

сот жаза ЭКСПО Талғат Ермегияев