Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы Сара Назарбаева президент істері басқармасының медициналық орталығы – халық арасында «Совминка» деп танылған Ұлттық госпитальда емделуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады.
Бұған дейін, мамыр айында, Сара Назарбаеваның ем алып жатқаны туралы оның жұбайының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеген еді. Ол кезде желіде бұрынғы бірінші ханымның қайтыс болғаны жөнінде қауесеттер тараған болатын.
«Науқасқа ем жүргізіліп жатыр. Барлық шаралар медициналық көмектің бекітілген стандарттарына сәйкес, білікті мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуда», – делінген ресми жауапта.
Клиника Сара Назарбаеваның нақты диагнозы мен денсаулығының жай-күйін әлі де жарияламай отыр. Мұны дәрігерлік құпиямен байланыстырып, тек пациенттің өз келісімімен ғана мұндай ақпарат берілетінін ескертті.
«Медициналық этика мен кәсіби жауапкершілік қағидаларына сәйкес, медицина ұйымдары науқастардың жеке медициналық деректерін құпия сақтау тәртібін қатаң ұстануға міндетті. Ақпаратты жарияламау туралы шешім пациенттің жеке өміріне қол сұғылмауын, оның құқықтарының қорғалуын және емдеу процесіне бөгде араласуды болдырмауды қамтамасыз ету мақсатында қабылданды», – деп атап өтті госпиталь өкілдері.
Сара Назарбаева биылғы ақпан айында 84 жасқа толған.