Трамп Путинге Украина бойынша келісімге келуге 50 күн уақыт берді

Бүгін, 09:36 / Қайсар Қалам

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге Украинадағы бейбіт келісімге келу үшін 50 күн уақыт берді. Әйтпесе, ол Ресейдің сауда серіктестеріне қарсы 100% көлемінде қайталама кедендік тарифтер енгізетінін ескертті.

Бұл туралы Трамп 14 шілде күні Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу барысында мәлімдеді.

«Егер 50 күн ішінде келісімге келмесек, біз қайталама тарифтер енгіземіз. Олар 100% деңгейінде болады. Мен сауданы көптеген мақсат үшін қолданамын. Ол соғысты тоқтату үшін өте тиімді құрал», – деді Трамп. 

Республикашының айтуынша, Украинадағы бейбітшілікке қатысты, соның ішінде оның тікелей өзі мен Владимир Путин арасындағы келіссөздер тек «үздіксіз сөздермен» ғана шектеліп отыр.

«Сосын Киевке зымырандар ұшып, адамдарды өлтіреді. Бұл тоқтауы тиіс», – деді Трамп. 
Сондай-ақ, Трамп Путинге көңілі толмайтынын айтып, онымен бірнеше ай бұрын келісімге келуді үміт еткенін жеткізді.

Журналистердің Украинаға Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізу жоспары туралы сұрағына Трамп: «Бұл бірнеше күн ішінде болады», – деп жауап берді.

«Бізде бір мемлекет бар, оның 17 Patriot кешені бар, және олар жөнелтуге дайын. Оларға бұл кешендер қажет емес. Сондықтан біз солардың көбі қай тарапқа жіберілетінін шешеміз», – деді Трамп.

Оның айтуынша, бұл Patriot жүйелеріне қатысты келісімге бірнеше ел қатысады. Олар жүйелерді өзара «ауыстырып, алмастыратын» болады. Бұл жұмысты АҚШ-тың НАТО жанындағы өкілі Мэттью Уитакер үйлестірмек.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың Patriot жүйелерін еуропалықтарға сату арқылы, кейін олардың Украинаға жіберілетінін мәлімдеген болатын.

Ал 14 шілде күні Ақ үйде өткен кездесуде Марк Рютте:
«Украина шынымен де өте көп көлемде әскери техника алады – ПВО, зымырандар мен оқ-дәрілер», – деді.

Тэгтер:

Путин украина салық Трамп соғыс