Премьер-министр Перизат Қайратқа қатысты мәселеге тоқталып, бұл істің аясында қайырымдылық ұйымдарының жұмысына өзгерістер енгізіле ме деген сұраққа жауап берді.
«Бұл жағдайдан хабардармын. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, мақсатсыз жұмсалатын қаражат тек бюджет қаржысы ғана емес, азаматтардан жиналған қайырымдылық қаражаттары да. Бұл – соның айқын мысалы. Және бұл – жалғыз жағдай емес, басқа да мысалдар бар. Тек осы іс ең шулы әрі кең таралғаны шығар», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін заңнамалық механизмдерге түзетулер енгізу қажет.
«Әрине, менің ойымша, мұндай механизмдерді реттейтін заңнамаға өзгерістер қажет. Қаражаттың жұмсалуы есеп беретіндей, бақылауда болатын және ашық болуы тиіс», – деді премьер.
Сондай-ақ ол бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдары қаржының қалай жымқырылғаны жөнінде нақты механизмдерді ұсынуы тиіс екенін айтты. Соның негізінде болашақта мұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылдануы мүмкін екенін жеткізді.