«Асар Үме» қоры Перизат Қайратқа берген 200 миллион теңгені қайтарып алмақ

Бүгін, 16:24 / Қайсар Қалам
Фото: facebook/asar-ume

«Асар Үме» қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында жәбірленуші ретінде сөз сөйлеп, қордың не себепті оған ірі көлемде қаражат аударғанын түсіндірді.

Нұрмашевтың айтуынша, қаражат (Газадағы тұрғындарға көмек ретінде) аударылған кезде олар Перизат Қайрат қорының қызметін бірнеше жылдан бері білетін. Алайда келісімшарт жасалған соң Перизат белгіленген мерзімдерді сақтамай, құжаттарды уақытында ұсынбаған.

– Біз оның қоры тіркелген банкке бірнеше рет хат жібердік, есеп-қисап туралы мәлімет беруді сұрадық. Кейін қоры алғашқы есептерді жолдады, бірақ олар келісімшартқа сай келмеді. 2024 жылдың ақпанында қосымша есептер мен төлем тапсырмаларын жолдады, яғни ақша оның шотынан аударылды деген құжаттар, – деді Нұрмашев.

Алайда кейін белгілі болғандай, чектер жалған болып шыққан. Қор қаражаттың мақсатына сай жұмсалмағанын сол кезде ғана білген.

– Біз үшін бұл үлкен соққы болды. Осындай қайырымдылық мақсатқа арналған ақша мүлде басқа бағытқа жұмсалғаны ауыр тиді. Біз оған 2023 жылдың қарашасында 200 млн теңге жібердік. Бұл қор тарихындағы ең үлкен қаржы жинау болды. Қалған 93 млн теңгені оның қорына аудармай, тікелей Қазақстандағы Палестина елшілігімен жұмыс істей бастадық, – дейді «Асар Үме» қорының президенті.

Қор қазіргі таңда бұл қаражатты қайтару жөнінде талап қою ниетінде.
 

Тэгтер:

ақша Перизат Қайрат Асар Үме