Ресейдің Екатеринбург қаласында 27 маусымда жергілікті құқық қорғау органдары ұстаған әзербайжандықтарға қатысты іс бойынша сот отырысы өтті.
APA агенттігінің мәліметінше, Мазахир, Аяз, Акиф, Бакир мен Кямал Сафаровтар, Ахлиман Гянджиев, Шахид Лалаев және Азиз Аббасовқа қатысты қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселе қаралған. Олар 2001, 2010 және 2011 жылдардағы қылмыстық істер бойынша айыпталуда.
Сот барлық күдіктілердің қамауда ұстау мерзімін тағы үш айға – 19 қазанға дейін ұзарту туралы шешім шығарды.
Сот отырыстары жабық режимде, БАҚ өкілдерінсіз өтті. Процеске Екатеринбургтегі Әзербайжанның Бас консулдығының қызметкерлері қатысты.
Еске сала кетейік, 27 маусым күні таңертең Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), Тергеу комитеті және Росгвардия Екатеринбургтегі әзербайжандықтардың үйлеріне рейд жүргізіп, 10-нан астам адамды ұстаған болатын. Ұсталғандар Росгвардия басқармасына жеткізіліп, азаптауға ұшыраған. Салдарынан екі Әзербайжан азаматы – Зияддин және Гусейн Сафаров қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған.